Ханафи мазхабының негізгі дерек көздері

Мазһабтың негізін қалаушы Әбу Ханифа мазһабқа арнайы қағидалар бекіткен.

Оның өз сөзі бойынша: «Ең бірінші Алланың кітабы Құран кәрімнен алам, егер одан таппасам Пайғамбарымыздың сүннеті, егер Алланың кітабында, Пайғамбарымыздың хадисінен таппасам, сахабалардың сөзін алам, олардың сөздерінің ішінен қалағанын таңдауға құқығым бар, және олардың үкімдерінен басқа үкімге ауыспаймын. Оларда табылмай (табиғиндер) Ибраһим, әш-Шағби, Ибн Сирин, әл-Хасан әл-Басри, Саид ибн әл-Мусаябқа т.б ғалымдарға тірелсе, олар ижтиһад жасаған мен де олар секілді  ижтиһад жасаймын». – деген.

Ханафи мазхабында шариғи үкім шығаруда төмендегі жеті дереккөзге сүйенеді. Олар:

Құран Кәрім. Кез келген діни мәселенің ең бірінші дереккөзі – Құран Кәрім. Өйткені ол – Алла Тағаланың сөзі Мұхаммед пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) берген ең басты мұғжизасы әрі қияметке дейін өзгеріссіз қалатын бір ғана кітап.

Сүннет. Алла Тағаланың шариғатын адамдарға жеткізу, түсіндіру Алланың елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) міндеті болғандықтан, оның айтқан сөздері мен істеген амалдары Құраннан кейінгі шариғаттың екінші дереккөзі болып есептеледі.

Сахабалардың пәтуалары. Сахабалар Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көзін көріп, Одан тәлім-тәрбие алғандықтан және Пайғамбарымыздың өзі оларды мақтап солардың жолымен жүруді өсиет еткендіктен, сахабалардың шығарған үкімдері Әбу Ханифаның пікірінше, шариғи дәлел бола алады. Сондықтан Имам Ағзам бір мәселеге қатысты сахабаның пәтуасы бар болса, өзі ижтихад жасамай, сол сахабаның пәтуасымен үкім шығаратын болған.

Ижмағ. Бір ғасырда өмір сүрген ғұламалардың бір мәселеге қатысты бірауыздан берген үкімдері «ижмағ» деп аталады. Ол Құран Кәрімнен  мен хадистен кейінгі шарииғи дәлел.Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметім адасушылықта бірікпейді» – деген.

Қияс. Қияс үкімі жоқ нәрсені үкімі бар нәрсемен екеуіне ортақ себепке байланысты салыстырып, үкімі жоқ нәрсеге үкім шығару. Қияс – Құран мен сүннет және ижмағтан кейінгі шариғи дәлел. Әбу Ханифа қиясты шариғи дәлел ретінде көп қолданған.  Оған мысал есірткіні арақтың үкіміне салыстыру арқылы «харам» деп үкім шығаруы.

Истихсан – араб тілінде «бір нәрсені жақсы деп есептеу» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта мужтаһид ғалымның бір мәселеде арнайы (жеке) дәлелге сүйене отырып, соған ұқсас мәселелерге берген үкімінен басқа күштірек  үкім шығаруы. Негізі ғұламалар «Алла сендерге жеңілдік қалайды және сендерге ауырлық қаламайды» (Бақара сүресі 185 аят) деген аятқа сүйеніп, кейде мұсылмандарға ауыр тиетін болса, көзге анық көрініп тұрған қиястың орнына жасырын тұрған байқала бермейтін дәлелге сүйеніп, истихсанмен амал жасайтын болған. Оған мысал жыртқыш аңдар мен жыртқыш құстардың қалдық суларының үкімі. Себебі жыртқыш аңнан қалған қалдық суды пайдаланудың үкімі харам болса, жыртқыш құстан қалған қалдық су мәкрүһ деген.

Әдет – ғұрып. Шариғи дәлел жоқ кезде, адамдар арасында жалпы таралған әдет – ғұрып та дәлел бола алады. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Мұсылмандар жақсы көрген нәрсе ол Алла тарапында да жақсы»– деген.  Сауда-саттық тәрізді адамдар арасындағы қарым-қатынаста әдет – ғұрып үлкен орынға ие. Мысалы қазіргі кезде Қазақстанда көлікті АҚШ долларымен бағалау және сату әдетке айналған. Егер  біреу көлігімді 10 мыңға саттым десе, адамдардың барлығы оның көлігін 10 мың АҚШ долларына сатқанқандығын түсінеді.

Ескерту; егер адамдар арасында таралып кеткен әдет – ғұрып Құранға, сүннетке, ижмағ немесе басқа да шариғат дәлелдеріне қарсы келетін болса, ол әдет-ғұрыпқа сәйкес амал жасалмайды.

Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.