Иман және ихсан

Кейде кейбір адамдар «Дін деген не өзі?» деген сұрақ қойып жатады. «Дін» сөзінің тілдік мағынасы «бойсұну, тыйылу, есеп, жаза, сыйлық» т.с.с. мағыналарды білдіреді. Дін – екі дүние бақытына жетелейтін жол, Алла Тағала бұйырған үкімдер, құлшылықтар мен сенімдер. Дін әрбір ақыл иесін қайырлы әрі ізгі істерге жетелейді, тек жақсылыққа бастайды. Ішіпжеу, ұйықтау – материалдық қажеттілік болса, дін – рухани қажеттілік.

Барлық пайғамбарлар (оларға Алланың сәлемі болсын) шақырған діндердің негізі бір. Пайғамбарлар адамдарды әлемді жалғыз Алла Тағала жаратқанын мойындауға әрі Оған ғана құлшылық етуге шақырған. Әлемде діні, сенімі болмаған ешбір ұлт немесе халық жоқ. Өйткені ешбір ұлт, халық дінсіз өмір сүре алмайды.

«Ислам» сөзі «бойсұну, тыныштық, бейбітшілік» деген мағынаны білдіреді. Ислам таухид (жалғызқұдайлық) діні болып есептеледі. Алла Тағала жіберген барлық пайғамбарлар адамзатты негізгі бір дінге – Алла Тағаланың бар және бір екеніне, Оның кітаптарына, періштелеріне, пайғамбарларына және Қиямет күніне иман келтіруге, Оған ғана құлшылық етуге шақырған. Ислам дінін ұстанатын адамдар «мұсылман» деп аталады. Бүгінде жер бетінде шамамен 1,5 миллиард мұсылман бар.

Мұсылмандар Ислам шариғатына сай өмір сүреді. Шариғат дегеніміз – Ислам дінінің үкімдері, Алла Тағаланың бұйрықтары мен тыйымдары. Пайғамбарлар шақырған діндердің негізі бір болса да, олар жеткізген үкімдер, яғни шариғат әртүрлі. Сол үшін кейін келген пайғамбардың дәуірінде бұрынғы өткен пайғамбар жеткізген үкімдер (шариғат) күшін жойған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізген Ислам шариғаты Қияметке дейін мәңгі күшін жоймайды. Адамдардың пайдасын қамтамасыз ету әрі оны қорғау – шариғаттың негізгі мақсаты. Бұл жердегі пайданы адамның қалауына сай келетін пайда деп емес, керісінше, шариғи өлшемдегі шынайы пайда деп түсіну керек.

Мұсылмандық екі үлкен сенім негізіне құрылған. Біріншісі – Алладан өзге құлшылық етуге лайық тәңір жоқтығына (ләә иләәһә иллаллаһ) сену, екіншісі – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың барлық адамға жіберген елшісі (пайғамбары) екеніне сену. Осы берекелі сөздерді шын жүрегімен бекітіп, растап, тілімен айтқан адам Ислам дінін қабылдаған болады. Бұл сенім – «иман», ал иман келтірген кісі «мүмин» деп аталады.

Ислам діні төмендегі бес негізге (тірек) сай құрылған:

1. Иман («Ләә иләәһә иллаллаһ, Мухаммәдур расулуллаһ» деп шын жүрегімен бекіту және тілімен айту);

2. Намаз (күніне бес уақыт намаз оқу);

3. Зекет (малы белгіленген мөлшерге жетсе, Алла белгілеген мұқтаж адамдарға беру);

4. Ораза (Рамазан айында бір ай ораза ұстау);

5. Қажылық (шамасы жетсе, өмірінде бір рет қажылыққа бару).

«Иман» сөзінің тілдік мағынасы «растау, сенім» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізілген барлық нәрсені шын жүректен бекітіп, оны тілімен растауға айтылады. Иман былай келтіріледі: «Әшһәду әлләә иләәһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» (Мағынасы: Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ екеніне куәлік етемін және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін). Кім бұл сөзді тілімен айтып, жүрегімен мағынасын растаса және қабылдаса, яғни «Алла Тағала жалғыз сыйынатын Құдай, Одан өзге сыйынуға лайық еш нәрсе жоқ, Мұхаммед Алла Тағаланың құлы әрі елшісі, Мұхаммед пайғамбардың Алла Тағала тарапынан жеткізген барлық нәрсесі ақиқат» деп шын жүрегімен бекітіп әрі қабылдаса және соны тілімен растаса иманды болып саналады. Құлшылық пен салиқалы амалдардың қабыл болуы үшін иманның болуы шарт.

Осы орайда Ислам мен иманның негізгі маңызын баяндайтын хадисті еске алайық. Омар ибн Хаттабтан (оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте былай делінген: «Бірде Алла елшісінің алдында отырғанбыз. Жанымызға аппақ киім киген, шашы қап-қара адам келді. Ол сапардан келген адамға ұқсамады. Ешбіріміз оны танымадық. Ол Алла елшісінің қарсы алдына келіп отырды. Екі тізесін оның екі тізесіне тиістіріп (қарсы) отырды. Екі алақанын екі санының үстіне қойып: «Уа, Мұхаммед, маған Ислам жайлы хабар берші», – деді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам – «Ләә иләһә иллаллаһу Мухаммәдур Расуулуллаһ» деп куәлік етуің, намазды тұрақты оқуың, зекет беруің, Рамазан оразасын ұстауың, егер жолға жарамды болсаң, үйге (Қағбаға) қажылық жасауың», – деді. «Дұрыс айттың», – деді ол. 

Біз оған таңғалдық. Өзі сұрайды, өзі растайды. «Маған иман жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтіруің, сондай-ақ тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», – деді. «Дұрыс айттың!» деп растап: «Маған ихсан жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай, егер сен Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрғандай құлшылық етуің», – деді. «Маған Қиямет жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұралушы бұл жағынан сұраушыдан білімдірек емес», – деді. «Оның белгілері жайлы хабар берші», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күң өз ханшайымын тууы, жалаңаяқ, жалаңаш, кедей шопандардың үй салуда бір-бірінен озуға тырысатынын көруің», – деді.

Сосын ол қайтып кетті. Кейін мен аз ғана уақыт көрінбей жүрдім. Сосын Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Ей, Омар, сұраушы кім екенін білесің бе?» – деді. «Алла және Оның елшісі білуші», – дедім. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, ол Жәбірейіл болатын. Сендерге діндеріңді үйрету үшін келіпті», – деді». 

Тағы бір риуаятта: «Ол Алладан басқа ешкім білмейтін бес нәрсенің ішінде», – деді де Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Оның білімі (Қияметтің анық мағлұматы) тек Алланың құзырында» деген аятты оқыды. Сосын ол қайтып кетті. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оны қайтарыңдар», – деді. Адамдар ешнәрсе көрмеді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – Жәбірейіл. Ол адамдарға діндерін үйрету үшін келіпті», – деді».

Жүректегі иман Алла мен Оның елшісін барлық нәрседен жақсы көруге, бір адамды Алла үшін жақсы көруге, күпірлікті жек көруге жетелейді. Бұған қатысты Әнәс ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш нәрсе бар, олар кімде болса, иманның тәтті дәмін табады: Алла мен Оның елшісін өзге барлық нәрседен жақсы көру; бір кісіні жақсы көрсе, Алла үшін ғана жақсы көру және күпірге қайтуды дәл отқа тасталуды жек көргендей жек көруі», – делінген.

«Ихсан» сөзі шынайылық деген мағынаны білдіреді. «Ихсан» дегеніміз – Алланы көріп тұрғандай қорқынышпен, шынайылықпен, жауапкершілікпен құлшылық ету. Ихсан ілімі мұсылман баласын әр істе, әр құлшылықта шынайы болуға тәрбиелейді. Асылында Алла Тағала барша адамның әр ісін, сөзін, ниетін, тіпті көкейдегі ойын да біледі. Шынайылық болмаған амалда береке болмайды.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, ихсан ілімінің құлшылықтағы мәні: «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, егер Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрады». Осы хадиске түсіндірме жазған ғұламаларымыз ихсан ілімі адамның құлшылығымен қатар оның күнделікті сөзін, іс-әрекетін, қызметін, тіпті бүкіл өмірін қамтитынын жеткізген.

Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағала сенің әрбір жағдайыңды көріп тұрады. Сондықтан барлық ісіңде жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болуы керек», – деген екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ақиқатында Алла Тағала әрбір істі жетік жасауды парыз етті», – деген.

Еліміздің рухани-қоғамдық тыныс-тіршілігіне қатысты жайттар бізді де алаңдатпай қоймайды. Кейде адамдар біреудің басындағы бағы мен астындағы тағын көре алмай жатады. Бұл – Алланың жазған тағдырымен келісе алмау деген сөз. Ал Алланың тағдырын «талқылау» күпірлікке жол ашады. Алла сақтасын! 

Көреалмаушылық күпірлікке жол ашады. Осы ретте мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Ғұлама Асмағи бұл оқиғаны былай баяндайды: «Бірде сахарада жасы жүз жиырмаға келген, жүрісі тың бір ақсақалды көрдім. Егде жасқа келгені бір бөлек, жүрісіндегі ширақтығы мені таңғалдырды. Таңданысымды жасыра алмай, оның сырын сұрадым. Сонда ол: «Іштарлықтан арылып едім. Соның сыйы ретінде Құдайдың маған бергені ғой», – деп жауап қатты».

Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Фәләқ» сүресінде адамдардың қызғаныштан жасайтын әрекеттерінен сақтану үшін арнайы дұға оқуды үйретіп: «(Уа, Мұхаммед!) Жер бетін түгелдей жапқан қара түнектің зардабынан (жауыздықтан) және соның салдарынан туындаған (қатерден) түйіншектерді үрлеп, сиқыр жасайтын (әйелдердің) қастандығынан, күншіл пенделердің көре алмай, қызғанғаннан жасайтын зиянынан сақтай гөр деп, нұрланып атқан таңды жаратқан Раббымнан пана тілеймін», – деп айтқын», – деген.

Көреалмау – қылмыс пен бүліктің бастауы. Бұл – жүрек дерті. Осы дерт әр адамның бойынан табылады. Егер іштарлық дерті асқынып кетсе, үлкен қылмыстық істерге есік ашады. Алла одан сақтасын! Көреалмаушылық дертіне шипа болатын ем – қанағат. Шүкір мен қанағатты, кешірім мен сабырды өмірінің тұғырына айналдыра білген адам жамандық атаулыдан аман қалады. Біздің қоғам осындай дерттен аман болса деп тілеймін! 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №8, 2024 жыл