Индер ауданында зиялы қауым өкілдері, ақсақалдардың қатысуымен ас беру мәдениеті талқыланды.
Атырау облысы Дін істері басқармасы жанындағы ақпараттық насихаттық топ мүшелерінің қатысуымен өткен жиында Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Мұрат Сақтай, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нагимов, орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ержан Иманғалиев жаназа және жерлеу рәсімдері кезінде қарапайымдылықты сақтау, аста-төк дастарханға жол бермеудің маңызы туралы насихат айтты.
«Еске сала кетсек, жақында ғана Атырауда ардагерлер, зиялы қауым өкілдері ас беру мәдениетіне қатысты үндеу қабылдаған болатын.
Бірінші: Садақа (құдайы ас) дастарханы барынша қарапайым болуы тиіс.
Атырау облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырамыз. Алла Тағала Қасиетті Құранда:
«Жеңдер, ішіңдер алайда ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» – деген (Ағраф 31)
Екінші: Жаназадан бір күн бұрын қонақасы берілетін болса, яғни күзетке көңіл айту үшін келген жекжат-жұрағатқа қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада емес, мүмкіншілігіне қарай үйде қарапайым өткізуді ұсынамыз. Сондай-ақ таң атқанға дейін отыру міндетті еместігін хабарлаймыз.
Үшінші: Садақа асын сөз жарысқа айналдырмау. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айту. Оған имаммен қоса екі адамның көңіл білдіруі жеткілікті» деп атап өтті орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ержан Иманғалиев.