Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Индер ауданында бой көтеретін 40 адамдық Құран жаттау орталығының іргетасын құю рәсіміне қатысты. Игі шара жергілікті жамағаттың, мешіт имамдарының және ауыл ақсақалдарының қатысуымен өтті.
“Құран – мұсылман өмірінің темірқазығы. Бұл орталық болашақ қариларды тәрбиелеуге, жастардың діни білімін тереңдетуге жол ашады. Ең бастысы – бұл бастама ұрпақтың иманды болуына бағытталған үлкен қадам,” — деді бас имам Болатбек Ұласқанұлы.
Жаңа орталықта шәкірттерге Құранды толық жаттауға жағдай жасалып, діни білім беру мен тәлім-тәрбие жұмыстары қатар жүргізілмек. Жобаның жүзеге асуына жергілікті азаматтар мен демеушілер атсалысып отыр.


