Исламдағы бала тәрбиесі

Перзент сұрау

Алла тағала жер бетінде ең алғаш Адам Атаны (а.с.) жаратқан соң жанына жұбайы етіп Хауаны қоса жаратты. Ислам діні ер мен әйелдің қосылуының шарты ретінде ақ некені бекіте отырып, оларға ұрпақ өрбіту мүмкіндігін сыйлады. Ұрпақ өсірудегі мақсат – Жаратушыға құлшылық жасайтын әрі жер бетінде тәртіп орнататын ізгі адамдар қалыптастыра білуде. Бұл үшін әрине әрбір саналы ата-ана Жаратушыдан өздеріне перзент тілейтіні анық. Осы тұста қасиетті Құран Кәрімде мынандай дұғалар кездеседі:

«Олар: «Уа, Раббымыз, бізге жұбайларымыздан және ұрпақтарымыздан көзайым болатын (салиқалы жандар) нәсіп ет, бізді тақуа иелеріне жолбасшы ет» дейді» (әл-Фурқан сүресі, 25/74)

Бұл аятта бала сөзінің орнына «көзқарашығындай бағалы» деген мағынада «қуррату айнин» сөзі таңдалған. Бұл біз қалағандай әрі расында Алладан қорқатын тақуа иесі ұрпақ дегенді білдіреді. Қандай ұрпақ сұрау қажеттігі тағы бір аятта былай деп көрсетілген: «Уа, раббым, маған өз жаныңнан пәк ұрпақ нәсіп ет. Анығында, сен дұғаны естисің» (Али Имран сүресі, 3/38). Хазірет Закария (а.с.) пайғамбардың бұл дұғасында «пәк ұрпақ» сұралғанын байқаймыз. Яғни, мүмин тек пәк ұрпақ қана тілегені жөн.  

Сауабы үзілмейтін амал

Исламда жақсы перзентті болу дүниедегі үлкен қуаныш пен бақыттың бірі. Ақылды, еңбекқор перзент ата-ананың мерейін әрдайым үстем етеді. Тіпті ол ақыреттік өмір үшін де тоқтаусыз сауап келіп тұруына себеп. Ардақты пайғамбарымыз бір хадисінде адам өзі қайтыс болса да сауабы тоқтамай барып тұратын үш нәрсенің бірі «марқұм ата-анасына дұға жасайтын игі перзент» екенін білдірген (Муслим, Уасия, 14). Хадис жақсы тәрбие алған ұрпақтың екі дүние үшін де қаншалықты маңызды екенін аңғартуда. Жақсы перзент ешқашан ата-анасына жаман ат келтірмейді. Қайта «қандай ата-ана тәрбиелеген ұл не қыз» деп жұрттың таңдана тамсануына себеп болады.

Балиғат жасы

Ислам дінінің балаға деген ұстанымында мейірім, қорған болу, жанашырлық пен толеранттылық басым. Өйткені сәби өмірге күнәсіз, періштедей пәк қалыпта келеді. Балиғат жасына дейін жасаған ешбір қылығына дін тұрғысынан жауапты болмайды. Дінімізде ұл балалар 12, қыз балалар 9 жасқа толғанда, ұлдар ер жеткен, қыздар бойжеткен болып есептеледі. Егер аталған жастарда физикалық тұрғыдан есею белгілері байқалмаса, онда ұл да, қыз да 15 жасында балиғатқа толды деп есептеуге болады. Сәби кезінен бала үлкендердің қарауы мен күтіміне мұқтаж. Өмірге пәк болмыспен келген бала өсе келе ата-анасынан не басқа да сыртқы факторлардан әсерленіп, түбегейлі өзгерістерді бастан кешуі мүмкін. Сондықтан бұл тұрғыда хазірет Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыздың балаға деген жақындығына мән берген маңызды. 

Сәбиге берілетін алғашқы дәм

Сахабалар уақытында дүниеге келген сәбиді анасы емізбей тұрып алдымен ардақты пайғамбарымызға әкелетін. Ол кісі сәбиге дұға оқып, артынан тахник жасайтын. Тахник: жаңа туған нәрестенің аузына құрмадан дәм татыру. Хазірет Әсма анамыз бұл турасында былай дейді: «Жүктілігімнің соңғы айында хижрет ниетімен Меккеден Мәдинаға келгенде, Құбаға тоқтадым. Абдулланы сонда босандым. Сөйттім де оны Пайғамбарымызға (алайһис салату уә сәлләм) әкелдім. Ол кісі сәбиді құшағына алып құрма сұрады. Құрманы шайнап, баланың аузына салды. Сәбидің алғашқы татқан дәмі осы болды. Содан кейін шайнаған құрмадан алып баланың таңдайына жақты. Артынан дұға оқып, береке-бақыт тіледі».

Немерелері хазірет Хасан мен хазірет Хұсейінге де тахник жасағаны айтылады. Мәдинаның ажуа құрмасын аузына алып, Зәмзәм суына шылап, жұмсартып барып оларға беретін.

Ат қою

Пайғамбарымыз туылған баланың құлағына азан шақырып ат қоятын. Нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтатын. Бұл турасында бір хадисте: «Кімнің баласы туылғанда, оның оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге «умму сибян» (сәбиді ауру ететін жел немесе жынның кесірі) әсер етпейтін болады» – деп ескертілген (Мүснәд Әби Яғла). Бұған қоса, балаға мағынасы дұрыс, жақсы есімдер қоюға кеңес беретін. Ең жақсы есімдер қатарында Абдулла, Абдуррахман т.б. аталған. Сәби өмірге келген алғашқы аптасында ат қоямен қатар, ақиқа құрбанын шалу, жетінші күні үлпілдек шашын алып, соның салмағында алтын не күміс садақа беру де сүннет болып саналады.    

Сүйіспеншілікпен қарау, берген уәдені орындау

Пайғамбарымыз (с.а.с.) балаларға өте бір сүйіспеншілікпен қарайтын. Балаларды райхан гүліне ұқсатып, ал иісін жаннаттың иісіне теңеген. Бір күні немерелері Хасан мен Хүсейінді арқалаған күйде мешітке кіреді. Жамағатқа намаз оқыту үшін орнына барып тұрады да балаларды оң жағына отырғызады. Алла расулы сәждеге барған кезде сәждені ұзақ жасайды. Намаз біткен соң халық: «Уа, расулалла, намазда сәждені көбірек создыңыз. Мұндай сәждені бұрын-соңды көрмеген едік. Бұл Алла Тағаланың әмірі ме?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл Алланың әмірі емес. Немерем арқама мініп алды. Өзі түскенге дейін күткенді дұрыс көрдім», – деп жауап береді (Мүстәдрак, 3/165-166). Тағы бірде немересі Хасанды еркелетіп, сүйгіштеп отырғанда, қасына келген Ақра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын әлі күнге басынан сипап, маңдайынан сүйген емеспін», – дейді таңданып. Сонда Пайғамбарымыз: «Сен басқаларға мейірімділік танытпасаң, Алла да саған мейірімділік көрсетпейді», – деп жауап қатады (Әбу Дәуіт, Әдаб 156.). Ал алдамауға келсек, бірде Мәдинаға хижрет жасаған сахаба аналарымыздың бірі Ләйла (р.а.) Пайғамбарымыздың үйінде отырған кезінде аулақта ойнап жүрген баласын өзіне шақырып:

– Жаныма келші, саған бір нәрсе беремін, – дейді. Бұны естігенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу одан:

– Ұлыңызға не бермексіз? – деп сұрайды.

– Құрма берейін деп едім, – дегенінде:

– Егер баланы алдап шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді, – деп ескертеді (Әбу Дәуіт, Әдаб, 80.).

Баламен бірге ойнау, ұл-қыз деп алаламау

Пайғамбарымыз (с.а.с.) балалар үшін ойынның қажеттілігін жақсы түсінетін. Бірақ кешқұрым көз байланған шақта ойнағандарын жөн көрмейтін.  «Баласы бар баламен бала болсын» дегені содан (Дәйләми, Мүснәдүл фирдауси, ІІ, 1366.). Кейде өзі де немелеріне ат бола кететін. Бірде кішкентай немелері Хасан мен Хұсейінді иығына отырғызып алып, ойнатып жүргенін көрген Омар (р.а.) бұған қатты сүйсініп: «Әй, балақайлар, мініп алған сәйгүліктерің қандай тамаша!» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Олар да осал атқамінерлер емес», – деп жауап береді.

Үй ішінде ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Қызды қор көрмеуге шақырып, «Кімде кімнің үш қызы болып, ұлды олардан артық санамаса, жақсы тәрбиелесе, Алла ондай ата-анаға жұмақты нәсіп етеді» дейтін (Ибн Мажә, Әдәб, 3;). Бір отбасында балаларды алаламауға шақырып, «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер», «Бала алдындағы ата-ана міндеттеріңнің бірі – оларды алаламау», – дейтін (Мүснәд, 4/269).

Баланың жан жақты жетілуі

Пайғамбарымыз (с.а.с.) баланың жан-жақты жетілгенін құп көретін. Баланы әдепке баулитын: тамақтан бұрын және тамақтан кейін қол жуу, оң қолмен жеу, «бисмилламен» бастау, өз алдынан жеу, ұл мен қыздың төсегін бөлек салу т.с.с. Денесін шынықтыруға көңіл бөлетін. Ер балаларға күрес, садақ ату, жүгіру, суда жүзуді үйретуге шақырған.

Қорыта келгенде, Ислам дінінде балаға көңіл бөлу, баланы дұрыс тәрибелеуге зор көңіл бөлетінін айтуға болады. Дініміз ұл мен қызды өз табиғатына сай істерге жастайынан үйретуге, еңбекқорлыққа, тазалыққа, дене шынықтыруға және адамгершілік пен әдепке баулуға ерекше мән береді. Дұрыс қоғам құру жасөспірім кезден алған тәрбиеге байланысты. Бұл тұрғыда ата-ана көбірек сауатты болып, өздері де бірінші кезекте үлгі көрсете білуі қажет.

Алтынбек Ұтысханұлы,

Атырау облысы бас имамы