Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған «Ас беру мәдениеті» құжатын насихаттау жалғасуда.
Атырау облысы Дін істері басқармасы жанындағы ақпараттық насихаттық топ мүшелері Махамбет ауданында кездесу өткізді.
Жергілікті ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Мұрат Сақтай, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нагимов, орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ержан Иманғалиев жаназа және жерлеу рәсімдері кезінде қарапайымдылықты сақтау, аста-төк дастарханға жол бермеудің маңызы туралы насихат айтты.
«Қабірге қатысты ҚМДБ бекіткен пәтуаны басшылыққа алуды ұсынамыз. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат. Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін жазбаған жөн. Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал.
Садақаларды белгілі бір уақытта ғана жиналып асты өткізген дұрыс деп санаймыз. Мәселен үштік, жетілік қадені мәйітті жерлеген күні бірге беру, ал қырқы, жылын белгілі бір уақытта бастап, бір-екі сағатта аяқтау. Шектік беру парыз емес, мүмкіндігіне қарай берілсе сауапті іс, берілмеген жағдайда күнә емес.
Мешіт имамдары және арнайы бекітілген молдалардан тыс дін маманын садақа және жаназа өткізуге жол бермеу.
Қабыр басында, көпшілік жиналған жерде ауа райына байланысты құранды ұзақ оқымау. Садақаларда имамдар уағызды ортаға сай қысқаша айтуы.
Қабыр басында темекі шегу, ерсіз күлу және бос әңгіме айтудың орнына мүмкіншілікке қарай насихат айту» деп атап атап өтті «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ержан Иманғалиев.