Мақат аудандық орталық мешітінде жамағат бірлігін арттыруға арналған іс шара өтті.
Шара аясында Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов, Сәтен-Шәмек мешітінің имамы Қуаныш Есешов «ықыластылық, шынайы ниет» тақырыптарында насихат айтты.
«Ықылас – жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің түзулігін көрсететін айна. Бір сөзбен айтқанда ықылас – ең әуелі адамзатты жоқтан бар еткен, құдіреті күшті, мейірімді Алла Тағалаға деген шынайылық.
Ықыластың ең маңыздысы адамға деген қарым-қатынаста адал, ниетінің риясыз болуы және пенденің Жаратушы Алла Тағалаға деген ықыласының бекем болуы. Ислам шариғатында ықылас ұғымының терминдік мағынасы: Алла Тағалаға ешбір мақлұқатты ортақ етпей, әрбір ісінде жалғыз Оған ғана шынайы берілуімен құлшылық ету деген сөз» деп атап өтті рухани шара барысында Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов.
Одан әрі сұрақ-жауап форматында жалғасқан кездесуге 70-ке жуық мешіт жамағаты қатысты.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.