Мақат ауданында садақа кезіндегі ысыраптың алдын – алуға байланысты кездесу өтті.
Жергілікті тұрғындар, ауыл үлкендері, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен мейрамхана иелері қатысқан шарада Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов ысырапшылдық шариғатта құпталмайтын іс екендігін атап өтті.
«Мүфтият бір жылдары «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап шығарған болатын. Ондағы мақсат – ақтық сапар алдындағы жөн-жоралғы, рәсімдерді біріздендіру. Сол еңбекте садақадағы ас мәзіріне қатысты да айтылады. Мүфтият ас мәзірін қарапайым етуді ұсынады. Жеміс-жидек, салаттар, тауық, балық, қазы сияқты тағам түрлерін мәзірден мүлде алып тастау ұсынылған еді» деп атап өтті ұстаз Біләл Сағындықов.
Садақа дастарханына мүфтият ұсынған мәзір түрі:
бауырсақ, жеті шелпек, нан, құрма, мейіз, қаймақ немесе сары май, тары-талқан, бір ыссы тағам.
Мақаттықтар ұсынысты қабыл алып, садақа беру кезінде үйде және мейрамханаларда осындай қарапайым мәзір даярлауға келісті.