amin.kz/ 13 шілде, 2020 жыл. Мемлекет басшысының Өкімімен 13 шілде жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленген болатын. Осыған орай түнгі сағат 00:00-ден бастап еліміздегі барлық Мемлекеттік Ту төмен түсірілді, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Ал, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу жарияланды. Ақорда резиденциясының алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінен қаза тапқан азаматтарды құрметпен бір минут еске алды.
Еске алу рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. Індет құрбандарын үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті. Құрбандарға тағзым шарасын республикалық арналар тікелей эфир арқылы көрсетті.
Айта кетейік, елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты халыққа үндеу жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде– Ұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын мәлім еткен болатын. Тиісті өкімге Мемлекет басшысы 9 шілде күні қол қойды.