Мін іздеу – күнә

Қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер айтамыз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес» деп ескертеді. Расында ораза-адамның жан-дүниесін тәрбиелейтін құлшылық.

Хадисте айтылғандай, шынайы ниетпен ауыз бекіткен адам ораза кезінде өтірік айтудан және өтірікке сәйкес амал етуден өзін тыймаса, Алла тағала күндіз өзін ішіп-жеуден шектеген адамның ашығуына мұқтаж емес.

Хадистердің бірінде: «Ораза-бұл жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында ораза-бос сөздер мен жаман сөздерден тыйылу!» делінген. Шынында Алланың разылығын ниет етіп, ораза ұстаған мұсылман баласы оның ашуын шақыратын істен, атап айтқанда бос сөзден, өтірік әңгімеден, ғайбат айтудан өзін шектеуі тиіс.

Хазіреті Мәулана бір сөзінде: «Ораза дегеніміз-ауыз бекіту, сонымен қатар көкірек көздің ашылуы» деген екен. Адамның көкірек көзі ашылса, ақиқатты таниды. Ақиқатты таныған адам тілін, жаман сөзден тыяды. Ойшыл ғұлама имам әл-Ғазали: « Ғайбат айту-харам. Ғайбат тілмен ғана айтылмайды. Адам іс-әрекетімен де ғайбат жасайды» деген екен. Ислам тарихында ауызы ораза болған, алайда тілін ғайбат сөзден тыймаған екі қыздың уақиғасы жайлы көп айтылады.

Бір күні ардақты пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына ораза ұстауды бұйырып: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасына ашпасын» дейді. Күн батып, ақшам болғанда пайғамбарымыз сахабаларына ауыз ашуға рұқсат береді. Алайда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауыз бекіткен екі қызға рұқсат бермей қояды.

Себебін сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): « Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ адамдардың етін жеу арқылы харам жеді» дейді. Осы оқиғада әлгі екі қыз күні бойы ораза ұстағанмен, өзгелердің сыртынан жағымсыз сөз айтып, ғайбаттағаны баяндалады. Кісіні ғайбаттау адам етін жеумен тең. Алла тағала қасиетті Құранда: «Әй, мүмкіндер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі-күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулердің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» (Хужрат сүресі, 12-аят) деп әмір еткен.

Ардақты пайғамбарымыздың бір хадисінде: « Ғайбат адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бірақ жалмайтын сумаңдаған өрттен де жылдам» деп ескерткен. Бұл хадис адамның ізгі амалының сауабын бір сәтте жойып жіберетін жаман сөзден аулақ болуға үндейді. Имам әл-Ғазали: «Ғайбаттың ең жаманы – екіжүзділік. Арам пиғылды адам әділ жазғырушы кейпін киіп, өзін адал адам санайды, басқаларды соған үйрете бастайды. Өзін басқалардан жоғары санайды. Ал кейде мұндай адамдардың қарапайымдылығы астында тәкаппарлығы, тақуалығы астында атаққұмарлығы, даңққұмарлығы тығылып жатады» дейді.


Алла бізді мұндай жағымсыз мінез бен сипаттан сақтасын деп тілейміз. Өкінішке орай, бүгінгі таңда әлеуметтік желіде ешқандай этикаға жатпайтын ғайбат сөздер жиі айтылуда. Сол жазбалардың мазмұнынан адамгершілік құндылықтар мен ешқандай құқықтық нормалардың сақталмай жатқанын айқын аңғарамыз.

Өзгелерге жаман ой тастайтын қоғамда күмәнді көзқарас тудыратын пікірлер мен жазбалар тіпті қасиетті Рамазан айында бір сәтке болсын тоқтаса екен дейсің. Адам өз ойын негізсіз сын мен жаладан тазартса, қоғамда ізгілік пен бірлік сынды құндылықтар салтанат құрар еді. Халқымызда «Жақсы сөз-жарым ырыс» деген нақыл бар.

Жақсы сөз айту-адам баласының ризық-несібесін арттырады. Жақсы сөз жақсылыққа себепші болады. «Көңіл-көңілден су ішеді»дейді атам қазақ. Кейде бір ауыз жақсы сөз адам баласының үмітін оятып, қанаттандырады. Қамшының сабындай болған қысқа өмірде бір-бірімізге жақсы сөз айтып, іспен болмаса да жылы сөзімізбен қолпаштап жүргенге не жетсін.
Алла тағала ұстаған оразамызды қабыл етіп, тілегімізді жаман сөз айтудан сақтағай. Әмин!


Жайлыбек Кенжеалиев,
«Хан Ордалы Сарайшық» мешітінің имамы.