Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Атырау облысына іс сапары аясында атыраулық дін саласы мамандарымен кездесті.
Кездесу барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы орталық «Иманғали» мешіті жанынан студия ашылатынын және оның Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жұмысын бастаған «Халық арна» каналының филиалы ретінде қызмет ететінін атап өтті.
Сондай ақ, Бас имам алдағы 5-7 жылда облыста 25 мешіт салу жоспарланып отырғанын хабарлады.
«Оның төртеуі Атырау қаласында бой көтереді. Қалған мешіттер құлшылық үйі жоқ ауылдарда салынады.
Қазіргі таңда мешіттердің нақты салынатын орындары бекітілді.
Бұдан басқа, облыста қарилар дайындау орталығын және қайырымдылық мекемесін (медресе) салу жоспарланып отыр. Ондағы мақсат – дін саласы кадрларын жергілікті жерде дайындауға басымдық беру» деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.
Облыстағы дін саласының бүгінгі тынысымен танысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева пандемия жағдайында облыс мешіттерінің, имамдардың ел бірлігін нығайтуда атқарған игі істері үшін алғыс айтты.
Сондай-ақ, министр дін саласында дәстүр мен ғұрыпты кеңінен дәріптеу маңызды екенін баса айтты.
«Қазір дін саласында танымдық дүниелер аз. Руханиятты дамыту үшін кітаптарды саралап, жетілдіріп, қайта жасақтау керек. Әсіресе, жас ата-аналар мен балалар үшін танымдық бағыттағы дүниелерді кеңінен ұйымдастыру маңызды» деді министр Аида Балаева.
Еске сала кетелік, Атырау облыстық дін істері басқармасы Ақпараттық талдау орталығында өткен кездесуге аймақ басшысының орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы және қала имамдары қатысты.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз – қызметі.