Мүфтият төрағасы Бурабайда насихат айтты (+ ФОТО)

Өткен қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облысы Бурабай аудандық мешітінде жұма намазын өткізіп, жамағатқа уағыз айтты.

Бас мүфти шариғаттағы зекеттің тағылымы туралы түсіндірді. Бес парыздың бірі саналатын зекетті кімдер беретіні, жағдайы келген адамның ырысы мен табысын еселейтінін атап өтті.

«Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тірегінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: «тазару, өсу, өну, арту және береке» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.

Алла Тағала Қасиетті Құранның көптеген аяттарына зекетті намаз құлшылғымен бірге бұйырған. Қасиетті Құрандағы «Бақара» сүресінің 110-аятында: «Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар және зекетті толық беріңдер. Дүниеде өздерің үшін (Алланың разылығына бөлену мақсатында) қандай да бір жақсылық  жасап, (ақыретке) жолдасаңдар, Алланың құзырына барғанда міндетті түрде алдарыңнан шығады. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде», – деп айтылған» деді ҚМДБ Төрағасы.

Айта кетейік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 14 наурыз күні Бурабай өлкесіне Ұлттық құрылтайға қатысуға арнайы келген болатын.