Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына барған сапарында «Орал» спорт клубындағы эвакуациялық пунктте болды.
«Қазақ халқында «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Біз сіздердің басыңызға түскен сынақты жан-дүниемізбен сезініп тұрмыз. Алайда Жаратушыға иман еткен жан әрқашан болашаққа үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды қайғыға душар етіп, күйзеліске түсіріп, жақсылыққа деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Осы себепті қандай сынақ келмесін, әрбір сынақтан кейін жеңілдік келетінін ескеріп, еш уақытта үмітсіздікке салынуға болмайды.
Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның шуағымен айналаның нұрға бөленетіндігі қандай ақиқат болса, қайғы-мұңға батқан жанның да қайғысы сейіліп, артынан жеңілдік келері хақ. Сол келетін жеңілдіктен үмітін үзіп, қайғыға салыну мүмин адамға жарасатын іс емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Жүсіп» сүресінің 87-аятында: «Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Анығында, Алланың мейірімінен қарсы болған қауым ғана үмітін үзеді», – деп айтқан. Алла Тағала бұл сынақтың соңын жақсылыққа ұластырғай» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.