Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасының V мәжілісінде «Ислам жергілікті халық дәстүрін қолдайды» құжаты қабылданды.
Аталған құжат мәтінінде: «Дін мен дәстүрдің сабақтастығы түркі халықтарының мәдениетінде ерекше орын алады. Біз осы маңызды мәселені шариғи тұрғыдан халыққа түсіндіруді жөн санаймыз. Біздің мақсатымыз – сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі діни танымымызды жаңсақ жорамалдардан қорғау.
Дін мен дәстүрімізден бүр жарған ұлттық болмысымызды, әдет-ғұрпымызды сақтау. Ежелден қалыптасқан мұсылманшылық дәстүрлерімізді, мәзһабымыз бен мектебімізді қайта жаңғыртып, ғасырлардан жеткен мұраларымызға ие болу. Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарды қадірлеу. Дәстүрінен, дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай білу аса маңызды» делінген.