Мұсылман адамның әділдік істері

Жалпы әділдік ұғымы тек қана құқық саласында ғана емес, сенімнен бастап адамдық қатынастарды, тәрбиелік мәселелерді, айтылған сөздер сынды көптеген ұғымдарды қамтиды. Әсіресе, мұсылман өмірінде әділдік мына істерді көрініс табуы қажет.

  1. Мекеме басшысының әділдігі

Мұсылман адам қандай да бір істе, әлдебір мекемедеөзге адамдарға басшы болатын болса, одан ең бірінші талап етілетін сипат – әділдік болмақ.  Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді»деп, соның бірі: «Әділ басшы»,– екендігін айтқан (имам Бұхари).

Басшы адамның әділдігі жұмысшылардың барлығына тең қарау, істі лайықты адамға тапсыру, жұмысшыға шамасы келмейтін жұмысты жүктемеу, өзін өзгелерден артық санамау, жалақыларын уақытында беру сынды істерде көрініс табады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маңдайының тері құрғамай тұрып еңбекақысын беріңдер», –деп бұйырған (имам ибн Мәжә).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басшылық етуде өте әділ болатын. Бір жолы махзұмдықтар арасында бір әйел ұрлық жасады. Ақсүйек тұқымынан шыққандықтан, құрайыштықтар оған араша түскенді жөн көріп,араға Усама ибн Зәйдті салады.

Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Усаманы жақсы көретінін білетін. Усама әлгілердің өтінішін жеткізгенде, Алла Елшісі бұл әділетсіздікке қатты ашуланып: «Әй, Усама!Алла Тағаланың үкімін өзгертпекпісің?!» – дейді. Мешітке жамағатты жинатып, оларға: «Ертеде исрайылдықтар әділетсіздіктері үшін құрыған. Олар әлсіз біреу қылмыс жасаса, дереу жазалап, күшті біреу қылмыс жасаса, жылы жауып қоя салатын. Алланың атымен ант етейін, егер сол ұрлықты өз қызым Фатима жасаса да жазасын бергізер едім», –дейді (имам Мүслим).

  • Үкім етудегі әділдік

Әділдіктің бұл түрі екі адам арасында қазылық етуші немесе екі тарапты жарастырушы адамның, әр тараптың өзіндік ақыларын дұрыс беру арқылы жүзеге асырылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында:

«Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді», – деп бұйырған.

Халқымызда адамдардың туыстығы мен жақындығы, дүниесі мен мансабына   қарамай, әділ үкімін бере білген қазыны «қара қылды қақ жарған» немесе «тура би» деп ат қойған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп айтатындығы да осыдан.

Бұған әділеттілігімен танымал Омардың (Алла оған разы болсын) басынан өткен мына оқиға тамаша мысал болады:

Бір күні халифа Омар мен бір сахабаның арасында келіспеушілік туып, ол екеуі дауды әділ қазының төрелігіне жүгіну арқылы шешуге келісті. Ол кезде әділ қазы сахабалардың ішіндегі беделді Зәйд ибн Сәбит болатын. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Арамыздағы мәселенің түйінін тарқатып берсін деп саған келдік», – дейді.

Хазірет Зәйд (Алла оған разы болсын) халифаның астына көрпеше төсеп, жанына отырғызбақшы болғанда Омар: «Бұл беретін үкіміңде жасаған алғашқы әділетсіздігің», – дейді. Сосын: «Алдыңа келген халифа мен қарапайым халықтың кезкелген өкілін тең тұтпайынша, сен бұл лауазымға лайық бола алмайсың. Әділ қазы халифаның емес, Алланың бұйрығы мен үкімін орындауы керек», – деп заң алдында бүкіл адамдардың жауапқа бірдей тартылу керектігін жария етеді.

  • Отбасындағы әділдік

Ата-аналарымыз, жұбайларымыз, балаларымызбен қарым-қатынастың барлығы әділдіктің негізінде болуы тиіс. Мысалы, ата-анамызды сыйлап, құрметтеудің өзі әділдіктің көрінісі. Себебі бала шыр етіп дүниеге келгенінде, өз бетімен жүре де, қоректене де алмайды. Осы кезде ол ата-ананың аялы алақанына мұқтаж болады. Осы мұқтаждықты бар ықыласымен өтеген, нәпақа тауып, киіндіріп, мәпелеп өсірген ата-анасы кәрілік жасына жеткенде, баласының оларға қарайласуы –нағыз әділдік.

Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранның Исра» сүресі,23-24-аяттарында:«Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Туф» деп айтушы болма. Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей көр!» – де», – деп бұйырған.

Осы сияқты отбасылық әділетке ер мен әйелдің әрқайсысына қатысты болған отбасылық ақыларын дұрыс жүзеге асыру, балалар арасын бөлмей, оларға тең дәрежеде қараужәне т.б. істер де жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір баласына сыйлық беріп, қалғандарына бермеген адамға:

«Алладан қорқыңдар (тақуалық қылыңдар) және балаларыңа қатысты әрқайсысына әділ болыңдар!» – деп айтқан (имам Бұхари).

  • Сауда-саттықтағы әділдік

Сауда-саттық жасайтын адам да әділдікті ұстанып, тауардың айыбын жасырмай айту, бағасын тым көтермеу, таразыда дұрыс өлшеу сияқты істерге аса мән беруі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 152-аятында:

«Таразыда өлшеуді дұрыс орындаңдар», – деп бұйырады.

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) астық сататын базарға жолы түседі. Сатушының бидайын ұнатып, ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағының дымқылдау екенін байқайды. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, бидайдың иесі, мұның не?» – дейді. Саудагер: «Алланың Елшісі, астығым жауынның астында қалып, су болып қалды», – деп ақталады. «Сол дымқыл жағын адамдар көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдайтындар бізден емес», – дейді.

Осындай саудадағы әділдігімен танылған жандардың бірі де Имам Әбу Ханифа болатын. Ол кісіге бір әйел келіп,бір киім сатпақшы болады. Имам қанша тұратынын сұрағанда әлгі әйел киімді 100 дирхамға бағалайды.Сонда Имам Әбу Ханифа: «Бұл киім оданда қымбат тұрады, – дейді». Әйел: «Ендеше 200 дирхам», – дейді.

Әбу Ханифа сөзін қайталап: «Бұл киім оданда қымбат тұрады», – дейді. Әлгі әйел 300 сосын 400 деп бағасын өсіре береді. Имам Әбу Ханифа: «Бұл киім оданда қымбат тұрады», – дей бергенде әлгі әйел: «Сіз мені мазақ етіп тұрмысыз?» – дейді. Сонда Әбу Ханифа: «Мен бұны 500 дирхамға сатып аламын», – деп, жаңағы әйелдің тауарын лайықты бағасына сатып алған екен.

Әділдік атаулының мағынасы үлкен әрі мұсылман үшін маңызы өте зор. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Расында, турашыл болғандар, Алланың құзырында нұрдан жасалған мінберлерге жайғасатын болады. Олар – үкім етуде отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға әділ болғандар», – деп айтқан (имам Мүслим).

Мақсат АЛПЫСБАЙ

“Иманғали” орталық мешітінің наиб имамы.