Мұсылманның кемшілігін жасыру және айыбын іздемеудің маңызы

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: «Дүниеде бір пенде басқа бір пенденің айыбын жасырса, Алла қиямет күні оның айыбын жасырады» (Мүслім риуаят еткен).


Абдулла Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлым қылмайды да, оны дұшпанға тапсырмайды (қолына бермейді). Кім бауырының мұқ-таждығында қолғабыс болса, Алла оның қажетінде бірге болады. Кім мұсылманды қайғы-мұңынан арылтса, Алла оны  қиямет күнінің қайғысынан құтқарады. Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын қиямет күні жасырады», – деген (Мүслім риуаят еткен).


Ибн Омар (р.а.) айтады: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) мінберге көтерілді де, қатты дауыспен былай деді: «Ей, тілімен мұсылман болған, бірақ жүректеріне иман кірмеген кісілер, мұсылмандарға кесірлерің тимесін (зиян тигізбеңдер), оларды айыптамаңдар, олардың кемшіліктерін іздеп (аңдып) жүрмеңдер. Кім мұсылман бауырының айыбын іздесе, Алла оның айыбын тексереді. Ал Алла кімнің айыбын тексерсе, оны үйінің түкпірінде болса да қарабет қылады» (Термизи риуаят еткен).


Алла тағала мұсылмандардың айыбын жасыруды жақсы көреді және соған бұйырады. Сол үшін тыңшы болуды харам қылып, әрі одан қайтарды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім дүниеде бір пенденің  айыбын жасырса, ақыретте Алла оның айыбын жасырады», – деп, мұсылмандардың кемшіліктерін іздеп, жасырын істерін тексеріп жүруден қайтарған.


Хадистерден алынған пайдалар
– Мұсылмандардың айыбын жасырудың жақсы амал екені және қияметте Алла оның айыбын жасыруына себеп болуы.
– Мұндай іспен айналысқан кісіні Алла Тағала көшеде болсын, үйінде болсын қарабет қылып, жасырын істеп жүрген істерін адамдарға әшкере қылады.


Ғибрат
Бір күні түнде халифа Омар (р.а.) мен Абдуррахман ибн Ауф Мәдина қаласының көшелерімен келе жатып бір үйден дабырлаған дауыстар естиді. Үйге таяп келген халифа: «Ей, Абдуррахман! Мынау кімнің үйі екенін білесің бе?», – деп сұрады. Абдуррахман: «Білмеймін», – деп жауап берді.

Халифа өзі: «Бұл – Рәбиға ибн Үмәйяның үйі. Іштегілер тегіс арақ ішкенге ұқсайды. Мастықпен айғайласып отыр. Бұларды мықтап тұрып жазаласақ қалай қарайсың?» – дейді. Абдуррахман ибн Ауф болса: «Маған салсаңыз, жазаға олар емес, біз лайықты секілдіміз!» – деді именбестен. Тосын жауапқа халифа іркіліп қалды. Сөйтті де: «Неге?» – деп сұрады таңданысын жасыра алмай. Сонда қасындағы саңлақ сахаба оның себебін былай деп түсіндірген еді: «Өйткені, Алла тағаланың «Адамдардың жасырын күнәларын іздемеңдер!» деген бұйрығы бар. Біз болсақ түннің бір уағында елдің үйіне келіп, тіміскіленіп, олардан қателік іздеп жүрміз. Негізі, жазаны біз тартуымыз керек!..»


Абдуррахманның көкейге қонымды сөзіне ойланып қалған халифа оған: «Ендеше, кеттік бұл жерден! Әйтпесе, расында да жазаны олар емес, біз тартуымыз мүмкін», – деген еді асыға. Былай шыға бере халифа өз-өзінен күбірлеп бара жатты. «Ойы да, жөні де түзу осындай достардан Алла тағала бізді мақұрым етпегей! Менікі ғана дұрыс деп, кеудемсоқтыққа салынудан сақтасын! Білмегеніңді білгеннен сұрап, соның айтқанына көне білген қандай жақсы».

Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,

Хан Ордалы Сарайшық мұсылмандар мешітінің имамы