Наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы атыраулық жамағатпен кездесті (+ФОТО)

Атырау облысына наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы жұмыс сапарымен келді.

Атырау облыстық “Иманғали” орталық мешітінде “Әдет-ғұрыптың дініміздегі орны” тақырыбында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы уағыз жүргізді.

«Дін мен дәстүр арасындағы сабақтастық мәдениеттің дамуына, қоғамның бірлігін сақтауға және ұрпақтар арасындағы байланысқа әсері мол. Діни сенімдер мен дәстүрлер халықтың өміріне терең еніп, оларды әрқашан бірге дамытып, толықтырып отырады. Дін мен дәстүрдің үйлесімділігі қоғамның рухани әрі мәдени өмірін байытып, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері дін мен дәстүрге ерекше назар аударып, көптеген игі шаралар атқарып келеді. Осы бағытта «Дін мен дәстүр» кітабының 3 томы жарыққа шықты. Көптеген мазмұнды мақалалар жарияланды. Мұның барлығы келешек ұрпақ тәрбиелеуде ұлт болып өркендеуіміз үшін аса қажет дүниелер.

Біздің халқымыз әрқашан құлшылығын да, тіршілігін де шариғатпен сабақтастырып отырған. Бұған қатысты көптеген зерттеу жұмыстарында да айтылған. дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Демек, дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Алла Тағала біздерді асыл дінімізді берік ұстап, салтымызды сақтаған, дәстүрімізді құрметтеген ұрпақтардан болуды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей, – деді Сансызбай Құрбанұлы.