Наурызбай қажы Тағанұлы әл-Азһар университеті өкілімен кездесті

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы әйгілі әл-Азһар университеті шейхының кеңесшісі Абдрахман Мусамен кездесті.

Бас мүфти Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысына Мысыр Араб Республикасынан делегат болып келген әл-Азһар өкілімен Каирде білім алып жатқан қазақстандық студенттер жөнінде сұхбаттасты.

Сондай-ақ әйгілі білім ордасының ұстаздары еліміздегі діни оқу орындарында қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті. Өз кезегінде Абдрахман Муса мешіт имамдарының да Мысырда білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы әл-Азһар өкіліне сый-құрмет көрсетті.