Ең әуелі үйленетін жастарға айтарымыз ниеттің дұрыстығы керек.
Неке уақытша емес, өмір бақиға қиылады. Тіпті, осы дүниеде ғана емес, о дүниеде де бірге боламыз деген ниетпен қиылады.
Демек, әрбір ісіміздің нәтижесі ниетке байланысты. Неке де солай. Кей жастардың арасында «Тұрып көрейік, болмаса ажырасып кетерміз», деген таяз пікірлер де кездесіп жатады. Мұндай неке әу бастан дұрыс негізге қаланбайды. Шын мәнінде некенің жалғасымдылығы үйленетін адамын дұрыс таңдаудан, жөні түзу оймен басталмақ. Сол үшін некелесу алдында ізгі ниетте болуымыз, уақытша, өткінші қулық пен сұмдықтың жетегінде кетіп қалмауымыз керек.
Некені өміршең етудің келесі қадамы – жария ету.
Пайғамбарымыз (ﷺ):«Некені жариялаңдар. Оны мешітте қиыңдар және дабыл қағыңдар», – деген. Ал, өз некесін қуана көпшілікке жар салып жариялаудан қашқан адамның ниетінен күмәндану керек.
Отбасын күйреуден сақтаудың бірден бір жолы – ер мен әйелдің отбасыдағы өз рөлі мен жауапкершілігін жақсы білуі.
Хақ Ислам – адам өмірге келгеннен бастап қандай жағдайда не істеу керектігін айқындап берген кәміл дін. Онда ерлі-зайыптылардың өзара хақылары мен құқықтары толыққанды қарастырылғаны көрінеді.
Жақсы мәміледе болудың басы әрине бір-біріне жақсы сөздер айтудан бастау алмақ.
Жұбайлар бір-біріне жақсы сөздер айта білуі қажет.
Әйел былай ойлауы керек: «Мен үйде отырмын. Ал күйеуім жұмыс істеп шаршап келеді. Біздің қамымызбен таңның атысынан шапқылап жүр». Осы ізгі ойдың жетегінде күйеуінің мерейін үстем етіп, әрдайым жақсылығын асырып, ыстық ықыласын білдіріп отыруы тиіс.
Ал, ер адам: «Мен күні кешке дейін сырттамын. Ол болса, ошағыма ие болып, балаларымды тәрбиелеп отыр. Менің асымды әзірлеп, үй шаруасымен тыным таппай күйбелеңдеп жүр», – деп ойлауы тиіс. Осылайша, жұбайының әр ісіне, пісірген асы мен құйып берген шайына тәтті лебізі мен ілтипатын айтып отыруы керек.
Неке бақытының баяндылығы – жақсы мәміледе.
Некені күйреуден сақтайтын ең маңызды құраушы бөлік: өзара жақсы мәміле мен кешірімділік.
Алла Тағала Құран Кәрімде маңызды бір жәйтқа назарымызды аударады:
«Сондай-ақ, Олармен (жұбайларыңмен) жақсы мәміледе болыңдар. Тіпті ұнатпасаңдар да. Бәлкім, сендер ұнатпаған нәрседе Алла сендер үшін көптеген қайыр жасырған болуы мүмкін[11]», дейді.
Ал, мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде:
Әбу Һурайра (р.а): «Алла Елшісі (ﷺ): «Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де, қандай бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – деп айтты[12]», – делінген. Әлбетте, өмір болған соң «Ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды».
Өйткені, пенде бойында кемшіліктерімен жаратылған. Жұбайлар бір-бірінің кемшілігін көрген сайын араларында түсінбеушілік шығып, баяғы сүйіспеншіліктің жүректен бірден өшіп кеткеніндей құлазу сезімі пайда болуы мүмкін.
Адамзаттың ұстазы болған Пайғамбарымыз (ﷺ) өсиетінде осының шығар жолын көрсетіп беруде. Демек, қандай жағдай болмасын, сыйласа білу, бірін-бірі жек көрмеуге тырысу керек. Яғни, жұбайының ұнамайтын қылығын көрген кезде ұнайтын, жақсы бір мінезін еске түсіру арқылы бірін бірі кешіруге тырысуы керек.
Осы орайда «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөз текке айтылмаған. Мақалдың мағынасы кемді уақыт дайындалып, бір сәттік ұлан-асыр той жасап үйлену оңай болғанымен, отбасыны әрі қарай сақтап қалудың түрлі машақаттар мен сынақтарға толы болатынын меңзейді. Бұл өзара пидагершілік, сабырлылық, шүкіршілік, жауапкершілік, құрмет, кісі ақысына ұқыптылық, мейірім мен қамқорлық сезімдерінің жиынтығымен ғана мүмкін болмақ.
Бұл дүниеде қызығы мен қиыншылығын бөліскен, ащысы мен тұщысын бірге көрген, өзара сүйеу-демеу болған, жамандығын жасырып, жақсылығын асырып бірін-бірі өрге қарай сүйреген жұбайлардың ақыретте де Тәңір ілтипаты мен Жәннат сыйларын бөлісулері үлкен нығмет емес пе?
Махсат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.