Даналық – байлықтан қымбат

           Даналық дегеніміз – әрбір істі өзіне қатысты орнына қоя білу. Бұл айтылған анықтамаға сай қандай адаммен қалай сөйлесуді, бір мәселені қалай жеткізуді, қай жерде не айту керектігін білетін адамды «дана адам» дейді. Яғни, білім мен ақыл арқылы дұрыс шешім қабылдау.

Алла Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 269 шы аятында:

          «(Алла Тағала) кімге қаласа даналық береді. Ал кімге даналық берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады.» – деген.

          Даналық – барша Пайғамбарлардың бойында болған сипат. Пайғамбарлар адамдарға насихатшы әрі ескертуші. Насихаттың бір шарты болса – даналық. Құран Алла Тағала көптеген Пайғамбарларды даналық сипатымен сипаттаған. Мысалы Құрандағы «Әнбия» сүресінің 78-79 – шы аяттарында:

          «Дәуіт пен Сүлейменді есіңе ал! Кезінде адамдардың қойы түсіп кеткен егінге қатысты ол екеуі үкім шығарған еді. Біз олардың үкім шығарғанына куә болдық. Сонда оны Сүлейменнің көкейіне салдық. Әрқайсысына үкім шығаратын қабілет (даналық) пен білім бердік» – деп айтқан.

Дінді даналық сипатына ие болған адам ғана басқаларға дұрыс жеткізеді. Құранда Алла Тағала «Нахыл» сүресінің 125- ші аятында:

          «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр»- делінген.

Демек, білім ақпарат болса, оны дұрыс пайдалана білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Алла Тағала Өзінің жолына біліммен емес, «даналықпен шақыр» деп бұйырған. Өйткені әрбір адамға қандай да бір мағлұмат жеткізбес бұрын, оның жас ерекшелігін, қызығушылығын, танымын, психологиясын т.б жеке қасиеттерін білу аса маңызды. Әрбір орта, қоғам, халықпен тілдесерде де ол халықтық ұстанымын, түсінігін, салт-дәстүрін т.б өзіндік ерекшеліктерін ескеру де осы секілді.

Құранда даналық сипатымен мақталған құлдарының бірі – Лұқман Хакім. Лұқманның қасына бір кісі келіп, оның осынша даналық қабілетке ие болғанының себебін сұраған кезде:

«Алланың жазған тағдыры, аманатқа қиянат жасамадым, сөзде шыншыл болдым, әрі өзіме қатысы жоқ болғанмен айналысудан бас тарттым.» – деген екен. («Бидая уән ниһәя» Ибн Касир 2/224)

Дұрыс насихат адамды жақсылыққа жетелеп, жамандықтан тыяды. Осындай даналыққа толы насихаттардың бірі Құрандағы Лұқман Хакімнің өз ұлына жасаған насихаты «Лұқман» сүресінің 12-19 аяттарында баяндалған.

Аз сөйлеп, көп ойлану, адам баласы аузына келген сөзді айта салудан сақ болып, әрбір сөзді ойланып айтуға дағдылануы қажет. Даналықтың көркем үлгісі болған Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл турасында:

          «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман еткен болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін!» – деп айтқан. (Бұхари 6017, Мүслим 47)

Тарихта «бесінші халифа» деген атпен қалған Омар ибн Абдулазиз:

«Егер ұзақ үндемейтін әрі өзін ерекше ұстайтын кісіні көрсеңдер, оған жақын болыңдар, өйткені ол сендерге даналық сыйлайды» – деп айтқан.

          Өмір атты даңғыл жолда түрлі қиындықтар мен ауыртпашылыққа ұрынбау мүмкін емес. Бірақ бақытты адамдар мен бақытсыз жандардың айырмашылығы сол қиындықтарды қалай жеңіп, қалай құтылғандығында. Даналық жайында атақты адамдардың айтқандарына тоқтала кетейік:

«Көп адам даналықтан гөрі ақымақтықты таңдайды. Себебі, ақымақтық күлдіреді, даналық жылатады.» (Уильям Шекспир)

«Бiз даналықты үш жолмен үйренемiз: ойлану — ең iзгi жол; елiктеу — ең жеңiл жол; және үшiншi, тәжiрибе жолы — ең ауыр жол.» (Лев Толстой)

Даналыққа үйренiп қою жеткiлiксiз, оны пайдалана бiлу керек. (Цицерон)

Таңсәріде оянған дұрыс, себебі бұл әдет мықты денсаулыққа, байлық пен даналыққа жетелейді.  (Аристотель)

Даналық – ғылымның бастауы. (Цицерон)

«Мен үшін даналық әлемнің бар байлығынан да қымбат». (Демокрит)

“Ақылды жан қанша жақсылық қылса, оны жұртқа жайып, мақтануға құлықсыз болады. Қайта ондай жандар істеген жақсылықтарының жұртқа белгілі болып қалуынан қорқып жүреді.” (Лао-Цзы)

“Кез келген сәтте ақылмен іс істеу үшін жауыңды назарыңнан шығарып алма.” (Джордж Сэвил Галифакс)

“Адамзат баласа данышпандарға өте бай. Солардың айтқан насихатын еппен пайдалана білелік.” (Геродот)

“Дана сөздерді тек санасына сәулесі бар адам ғана түсініп біле алады.” (Эсхил)

“Әдемілік пен даналықтың кілті – шынайылық.” (Максим Горький)

“Көп білген адамды данышпан демейді. Пайдалы ілімі көп адамды ғана даналар қатарына жатқызуға болады.” (Эсхил)

“Данышпан дегеніміз өз-өзін таныған, бөтенмен қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйренген, ойлау жүйесі дамыған адам.” (Али Апшерони)

“Ақылды адам кез кезген нәрсенің шегін біледі. Және ешқандай істе шектен шықпайды” (Али Апшерони)

“Данышпандық – ғылымдардың ішіндегі ең нақтысы.” (Аристотель)

“Ақыл алтыннан да қымбат нәрсе. Бірақ адам бойындағы әділеттілік, ар-ұждан, шыншылдық ақылдан да қымбаттырақ.” (Али Апшерони)

“Ақылды адам ойын жария қылмастан бұрын, пікірін бірнеше рет тексеріп шығады.”  (Генрих Гейне)

“Адам өз ақыл-ойын дамытып, әрекет қылмаса, даналыққа жетуі мүмкін емес.” (Демокрит)

          Сөзімізді қорытындылай келе, даналық – мұсылмандардың жоғалтқаны, оны қайдан болса да табу қажет. Алла Тағала баршамызға дұрыс сенім, біліммен қатар даналық нәсіп етсін!

    Нұрлан Жарқымбаев,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.