Өлі теңіз және Лут пайғамбардың (алейһиссәләм) қауымы

Өлі теңіз – тек табиғи ерекшеліктерімен ғана емес, сонымен қатар ислам тарихында маңызды орын алған оқиғалардың куә болған жерлерінің бірі.


Бұл теңіз жер бетіндегі ең төменгі нүктеде, Иордания мен Израиль шекарасында орналасқан. Адамдар онда суға батқандай батпайды, себебі тұздылық деңгейі өте жоғары, шамамен 33% құрайды. Көптеген адамдар бұл теңізді емдік қасиеттерімен байланыстырып, суы мен батпағын пайдаланса да, ислами тұрғыдан оның маңызы әлдеқайда терең әрі басқаша өрбиді. Өлі теңіз Лут пайғамбардың (алейһиссәләм) қауымымен тығыз байланысты, себебі олардың қираған мекендері дәл осы жерде орналасқан деп айтылады.

Лут пайғамбардың (алейһиссәләм) қауымы және олардың күнәлары

Лут пайғамбар (алейһиссәләм) — ислам тарихында ерекше орын алатын пайғамбарлардың бірі. Ол Алланың елшісі ретінде Содом мен Гоморра қалаларында өмір сүрген қауымды түзу жолға шақыру үшін жіберілген. Бұл қауым жыныстық азғындыққа батып, шектен шыққан күнәлар жасап, Алланың шариғатына қарсы келді. Ең ауыр күнәларының бірі — ер адамдардың бір-бірімен қатынас жасауы болатын. Лут пайғамбар (алейһиссәләм) оларды бұндай әрекеттерден тыйылып, Аллаға мойынсұнуға шақырды. Алайда, қауымы оны тыңдамады, керісінше оның өзін мазақ қылды. Олардың азғындыққа белшесінен батуына байланысты Алла Тағала олардың үстіне ауыр жаза жіберді.

Құран Кәрімде Лут пайғамбардың алейһиссәләм қауымы туралы бірнеше жерде баяндалады. Атап айтқанда, Хижр сүресінде Алла олардың қателіктерін және жазаларын ескерте отырып, былай дейді:
Аса қамқор ерекше мейірімді, Алланың атымен бастаймын.
«Сонда оларға таң сәресінде жойқын дауыс жетті. Біз олардың астын үстіне төңкердік және оларға тозақ отына күйдірілген балшықтан белгіленген тастарды жаудырдық. Шынында, ол (жер) жолда бар. (Оны көріп ғибрат алуға болады.)»
(Хижр сүресі, 73-76 аяттар)

Бұл аяттарда жаратушы Алла Тағала Лут қауымының жазаланғаны туралы және олардың жойылған мекендері әлі де сапар шегушілер үшін ғибрат ретінде қалғанын ескертеді. Ислам ғалымдарының пікірінше, бұл жойылған мекен — қазіргі Өлі теңіз маңында орналасқан Содом және Гоморра қалалары.

Өлі теңіз және оның маңыздылығы

Лут пайғамбардың (алейһиссәләм) қауымы жойылғаннан кейін, бұл аймақ табиғи тұрғыдан өзгеріске ұшырап, сол жердегі теңіз біртіндеп тұзды көлге айналды. Өлі теңіздің жоғары тұздылығы өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік етуіне мүмкіндік бермейді. Оның суында өмір сүре алатын ағзалар тек микроорганизмдер ғана. Ислам ғалымдары бұл теңізді Лут алейһиссәләмның қауымының қираған жері деп есептейді, сондықтан да мұсылмандар бұл жерге аса сақтықпен қарауы тиіс. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед салла Аллаһу алейһи уә сәлләм: “Алланың қарғысы жауған жерге бармаңдар, егер жолдарың түсе қалса қатты жылап өтіңдер егер жылай алмасаңыздар ауыздарыңыз истиғфардан (Алладан кешірім тілеу) босамасын”,- деген.

Табиғи апаттар мен жазалар — Құранда жиі кездесетін тақырыптардың бірі. Алла Тағала адамзатқа ескертулер беру үшін алдыңғы қауымдардың тарихын баяндайды. Бұл оқиғалар адамдарды күнәлардан сақтандыру, дұрыс жолға бағыттау мақсатында келтіріледі. Лут алейһиссәләмнің қауымы секілді бұзылған қауымдар Алланың жазасына ұшырап, жойылды. Өлі теңіз дәл осындай ғибратты оқиғалардың куәсі ретінде ислам тарихында маңызды орынға ие.

Ғибрат пен ескерту

Өлі теңіздің өзі де, оның айналасындағы жерлер де мұсылмандар үшін үлкен сабақ болып табылады. Лут пайғамбардың (алейһиссәләм) қауымының тарихы қазіргі заманның адамдары үшін ескерту ретіндегі бір белгі десек болады. Біз бұл оқиғадан Алланың бұйрықтарына қарсы шығудың қандай ауыр зардаптарға әкелетінін түсінеміз. Адамдар азғындық пен арсыздыққа бет бұрса, Алланың жазасы әрқашан дайын. Құранда баяндалған бұл оқиғалар біздің заманымыздағы мұсылмандарға күнәдан тыйылып, Алланың тура жолында болу қажеттілігін көрсетеді.
“Алар сабақ бар ма?»- деген сұрақты әрбір адам өзіне қоюы тиіс. Лут пайғамбардың (алейһиссәләм) қауымының тарихы тек өткен оқиға ғана емес, ол қазіргі кездегі адамдар үшін де ескерту ретінде қала береді. Бұл оқиғалар арқылы Алла Тағала бізге әділдік пен тақуалықтың маңыздылығын түсіндіріп, күнәдан сақтану қажеттілігін көрсетеді.
Қорыта келе өлі теңіз және оның тарихы тек географиялық немесе табиғи құбылыс ретінде ғана емес, сонымен қатар Алладан келген үлкен ғибрат ретінде де ерекше мәнге ие. Лут алейһиссәләмның қауымы Алланың қаһарына ұшырап, жойылды, ал олардың қираған жерлері Өлі теңіз астында қалды. Адамдар бұл мекенді көріп, Алланың әділдігін және күнәлардың салдарын еске алуы тиіс. Лут алейһиссәләмның оқиғасы бізге дұрыс жолдан таймаудың және Алланың бұйрықтарын орындаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Ержан Қағазғалиев,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы.