Отбасы берекетін сақтаудың құпиясы неде?

Бүгінгі қоғамда бір-бірінің қадіріне жете алмай, сыйластығы мен өзара құрметі солғындап, қиын-қыстау күн кешіп жүрген ерлі-зайыптылар аз емес.

Тіпті ақ некені бұзылуына дейін барып жатқан жағдайлар жиі байқалуда. Мұның себептері, әрине, аз емес. Мінез-құлық, материалдық жағдай, жұмыс, карьера, баспана, перзент сүйе алмау, маскүнемдік, құмарлық, өзара сенімсіздік, ата-ене, қайын жұрттың әсері – санай берсек тауысу қиын. 

Енді бұған жастардың тым кеш үйленуін, бала туу көрсеткіші күрт төмендеп бара жатқанын, жар таңдаудың қиындап кеткенін қосыңыз. Қоғамның күре тамыры – отбасына қатысты осыншама түйінді түйткіл шешілмей тұрғанда, өзге қоғамдық проблемаларды шеше алар ма екенбіз? Жастар бұзылды, отанын сүймейді, көшеде тазалық жоқ, жемқорлық көбейді, жол апаттары толастамайды, темекі тартатын қыздар көп, ана тілімізге құрмет жоқ, салт-дәстүріміз елеусіз қалуда, тастанды балардың саны артуда, ғылым мен техникамыз кері қалып барады деп байбалам саламыз. Қалай ойлайсыз, осының бәріне отбасылық түйткілдер себеп болып отырған жоқ па?

Иә, ұлтымызды ұсақтатып, рухымызды әлсіретіп отырған ең маңызды себеп бүгінгі отбасыларда жатыр.

Ал жанұяның берекесі мен бақытын қайта қалпына кетірудің жалғыз ғана жолы бар. Ол  сан ғасыр бойы ата-баларымыз ұстанып келген мұсылманшылыққа тиісті көңіл бөлу.  Ал енді қасиетті Құран мен Пайғамбар хадистерінде айтылған бірқатар ақиқаттарға көз жүгіртіп көрелік.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай деген: «Сендердің ең жақсыларың әйелімен ең жақсы мәміледе болғандарың. Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін». Көрдіңіз бе, дінімізде әйелді құрметтеу – өте маңызды. Пайғамбар сүннеті. Ал бүгінде өз әйелін сыйлап, қадірлеуді әйелжандылық немесе қорлық санайтын еркектер аз ба? Шынында да, ешкім өз әйелін көшеде керексіз болып жатқан жерінен тауып алған жоқ қой. Біреудің үкілеп өсіріп отырған аяулы қызын алды. Өз қызымыз да ертең бір үйге келін болып барады.

Бір күні сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір топ қыз-келіншектерге: «Сендер жақсылық жасаушыларыңның қадірін білмей жүрмеңдер» деп өсиет етті. Сонда Әсмә деген әйел: «Уа, Алланың елшісі, жақсылық жасаушының қадірін білмеу деген не?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кейде бір әйел күйеуге шыға алмай, атаанасының үйінде ұзақ уақыт отырып қалады. Содан соң Алла оған бір күйеу нәсіп етіп, одан нәрестелі болады. Сол әйел бір күні күйеуіне ашуланып, оның қадірін білмей «Мен сенен не жақсылық көрдім» дейді. Жақсылықтың қадірін білмеу деген осы», – деп жауап берді.

     Ал бүгін ше? Қит етсе ашу шақырып, «пәлен жыл отасқанда, сенен не жақсылық көрдім» деп өзеуреп шығатындар көптеп ұшырасады. Негізінде, жақсылықты көре білудің өзі – жақсылық. Ал «көрмес түйені де көрмеске» салынып әйелі күйеуінің, күйеуі әйелінің ізгі қасиеттеріне көз жұма қараса, әлбетте, отбасында береке болмайды.

Исламның тәлімі бойынша, бұл дүниедегі әрбір адам қадірлі. Қасиетті Құранда: «Шындығында, біз адам баласын ардақты еттік» делінген («Исра» сүресі, 70-аят). Олай болса, ешкім өзін асырап, бағып-қағып отырған күйеуін жамандауға, төмен санауға құқы жоқ. Әрине, кейбір ұнамсыз мінездері болуы мүмкін. Алайда мұқият қарасақ, бойындағы жақсылықтары одан да көп. Тек соны көре білу де – өнер.

Егер де адамның алып тауларды көріп тұрған көзіне бір жапырақты әкеп жауып қойсаңыз, кішкене ғана жапырақтың кедергісімен сондай биік нәрсені көре алмай қалады. Сол секілді өмірлік жолдастың да бір кемшілігіне қарап, оның бүкіл мінезі жаман деген асығыс қорытынды шығару әділетсіздіктің нақ өзі.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) келесі бір хадисінде былай дейді: «Мүмин ер мүмин әйелге ренжіп ашуланбасын. Егер оның бір мінезін жақтырмаса, екінші бір мінезін ұнатуы мүмкін». Иә, әйелдің бір мінезі нашар екен деп, оны түбегейлі жек көру асығыстық. Мәселен, Аллаға иман келтірген ізгі әйел алдыңыз делік. Ол сізді таңғы намазға оятып, ораза тұтқанда сәрелік асыңызды даярлап берсе, кітап оқып білім алуыңызға ыңғайлы жағдай тудырып отырса, шариғатпен өмір сүруге жәрдем етсе, ондай алтын басты әйелдің қадірін білу  міндетіңіз емес пе?

Сондай-ақ өзінің пәк денесін бөтен көздерге көрсетпей, тек күйеуі үшін таза ұстауының өзі ерекше құрмет етуге тұрмай ма? Сондықтан болар, тағы бір хадисінде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шүкір етуші жүрекке, Алланы зікір етуші тілге және ақырет жөнінде сіздерге жәрдемші болатын ізгі әйелге иелік етуге тырысыңдар» деп кеңес берген.  Дана қазақтың да «Анаңның емген сүті үшін нағашыңды сыйла, балаңның емген сүті үшін әйеліңді сыйла» деген сөзі бекер айтылмаса керек.

Әрине, әйел табиғатында ақылдан гөрі сезім басым. Сондықтан ол кейде сезімге беріліп қателік жасауы да мүмкін. Бұл еркекті ашуландырады, жоспарлап отырған ісіне кедергі келтіреді. Алайда қанша жерден себебі бар болғанымен, әйелге жұдырық ала жүгіргеннің соңы жақсылыққа апармайды. Қатты ызаланған күні орнынан тұрмастай етіп сабап тастағанмен, ол түзеле қала ма? Ал одан кейін сыйластықпен бірге өмір сүру мүмкін бе? Бұл тұрғыда сүйікті пайғамбарымыздың мына бір хадисінің тәлімі мол: «Сендердің біреуің қандай оймен өз әйелін құлды сабағандай ұрып соғады? Түн болғанда сол әйелмен бір төсекте жатпай ма?»

          Иә, әйел тәрбиесі ақылмен, хикметпен, мейіріммен жүзеге асады. Дініміздің де негізгі тәлімі осы. Әйелін дұрыстап тәрбиелегісі келген ер Ислам дінінің құндылықтарын түсіндіруі керек.

Сондай-ақ басқа да хадистерде ер адамның өз отбасын адал жолмен асырауы, оларға дұрыс имани тәлім-тәрбие беруі, қажет жағдайда олармен кеңесіп, ақылдасып отыруы, Қиямет күнінде өз отбасының әрбір ісіне еркектің жауап беретіні, ал  әйелдің қандай жағдайда да күйеуіне толық бағынуы міндет екендігі айтылған. Ал ерлі-зайыптылардың бір-біріне қатысты атқаруға тиіс міндеттері өз алдына бөлек айтылмақ.

Қысқасын айтқанда, отбасындағы бақыттың негізгі себебі ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен құрметке байланысты. Ендеше, Аллаға сенген, ақыретке иман келтірген адамдар бір-біріне барынша құрметпен қарағаны дұрыс.

Мұнархан АЛИМОВ,

“Дина” базары намазханасының молдасы.