Бас имам «Жусан» операциясымен оралғандарды қазақтың тарихын оқуға үндеді

Бүгін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Жусан» операциясымен елге оралған әйел азаматтармен кездесті.

Орталық «Иманғали» мешітінде өткен кездесуде ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы қазақтың өткенін білу, тарихты түйсіну, жан-жақты ілімді болу тақырыбында уағыз айтты.

«Бір ғана Абайдың қара сөздерін, шығармашылығын мысалға алатын болсақ, шариғатымызбен үндескен қаншама дүниелерді көруге болады. Қазақ әлімсақтан мұсылман болған халық. «Дін ұстай алсаң қасиетің» деген сөз де текке айтылмаған. Құранның өзі «Оқы!» деп түскен. Бұл нені білдіреді? Адам тал бесіктен жер бесікке дейін ізденуі керек» деген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы кездесуге қатысушыларды діни, сонымен бірге дүниелік ілім алуға, жан-жақты ізденісте болуға үндеді.

«Жусан» операциясымен оралғандар соқыр сенімнің артында кетіп, саяси ойынның құрбаны болғандарына және сол қасіретке балаларының куәгер болғанына өкінетіндерін айтты.

Сұрақ-жауап форматында жалғасқан кездесу барысында өзекті тақырыптар көтерілді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.