Қасиетті Қадір түні күнгі Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітіндегі рухани шаралар «Атырау» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Атырау» телеарнасы арқылы жергілікті жұртшылықты қасиетті түнмен құттықтады.
«Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі – Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Қадір кешінің әрбір сәтін құлшылықпен, дұғамен, Құран оқумен, яғни, Аллаға ұнамды сауапты амалдармен өткізетініміз сондықтан.
Ендеше, Алланың рақымы мен мейірімі ерекше төгілетін түнде уақытымызды бос жібермей, құлшылықпен өткізуге шақырамын. Бұл түнде Жаратқанға шынайы жалбарынған пенделердің тілектері қабыл етіліп, тағдыры жазылып, ризық-несібесі бекітіледі» деп атап өтіт Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Тікелей эфирде Қадір түнінің қасиеттері туралы уағыз-насихат айтылып, ұстаздар көрермен тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді. Қадір түні күні Құран жарысының жеңімпаздары, Рамазан айында ұрпақ тәрбиесіне белсенділікпен атсалысқан ақсақалдар марапатталды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.