Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының Қызылқоға ауданының бас имамы Мұрат Сұлтановты қабылдауы кезінде белгілі болды.
Белгілі болғанындай, қазіргі таңда Миялы ауылындағы ескі мешіт ғимараты қайта жаңғыртылып жатыр. Қайырымдылық мекемесіне қайта лайықталып жасалатын ғимарат жаз айларында ашылады деп күтілуде. Ал, Қоныстану ауылында мешіт құрылысы аяқталды. Ендігі мәселе – мешітті пайдалануға беру туралы құжаттарды рәсімдеу. Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы бұл бағыттағы жұмыстарды кешеуілдетпей аяқтауды тапсырды.
«Қазіргі уақытта аудан бойынша мешіт қызметкерлеріне еңбекақы төлеу мәселесі өткір тұр. Себебі, ауданның бас имамынан басқа қызметкерлер қазіргі кезде жалақысыз еңбек етуде. Бұл мәселені шұғыл шешу жолдарын қарастырудамыз» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Бас имам өткен жылы Қызылқоға ауданында жат ағыммен күрес, оңалту және қайырымдылық бағыттарында нәтижелі жұмыс атқарылғандығын атап өтті. «Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуы тиіс. Карантинге байланысты уағыз-насихат жұмысының онлайн форматта нәтижелі жүргізілуіне назар аудару қажет. Және жергілікті кәсіпорындарға ҚМДБ-ның халал стандарт сертификатын беру бойынша да жұмыстар атқарылуы керек» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, Қызылқоға ауданында қазіргі таңда төрт мешіт жұмыс істеп тұр. Миялы ауылындағы орталық мешіт, Сағыз, Мұқыр және Абай ауылдарындағы мешіттер.
Аталған мешіттерде барлығы сегіз қызметкер еңбек етіп жатыр. Олардың бесеуі аудан орталығында, үш маман ауылдарда қызмет етуде.
Қабылдау соңында Атырауға тәжірибе алмасуға келген Қызылқоға аудандық орталық мешітінің блогерлері «Халық арна» каналының жергілікті филиалымен, amin.kz студиясымен танысып, ондағы жұмыс форматындағы жаңашыл бағыттар туралы ақпарат алды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.