Ханафи мәзһабында жанды нәрсенің суреті бар киіммен намаз оқу мәкруһ саналады[1].
Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан жеткен хадисте былай делінеді:
قَامَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ يُصَلِّي في خَمِيصَةٍ ذَاتِ أعْلَامٍ، فَنَظَرَ إلى عَلَمِهَا، فَلَمَّا قَضَى صَلَاتَهُ قالَ: اذْهَبُوا بهذِه الخَمِيصَةِ إلى أبِي جَهْمِ بنِ حُذَيْفَةَ، وائْتُونِي بأَنْبِجَانِيِّهِ، فإنَّهَا ألْهَتْنِي آنِفًا في صَلَاتِي
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір белгісі бар көйлекпен намаз оқып, оған көзі түсіп кетеді. Намазын аяқтағаннан кейін: «Бұл көйлекті Әбу Жәһімге алып барыңдар да, оның орнына бейнесі жоқ қарапайым көйлекті алып келіңдер. Өйткені бұл мені намаздан тосып қоя жаздады»[2], – деген.
Тағы бір риуаятта:
كُنْتُ أَنْظُرُ إِلَى عَلَمِهَا وَأَنَا فِي الصَّلاَةِ فَأَخَافُ أَنْ تَفْتِنَنِي
«Намаз оқып тұрып көйлектің белгілеріне көзім түсіп кетті. Бұл менің намазыма кедергі бола ма деп қорқамын»[3], – деген.
Әйгілі имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан, имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың «ән-Нуқая» атты еңбегіне жазған «Фатху-Бәбил-Ғиная» атты түсіндірмесінде намаздың мәкруһтері жайлы айтып келіп былай дейді: «Киімінде, сәжде орнында, асты мен артқы тарапынан басқа алды, оң жақ және сол жағында жануардың суреті болса мәкруһ. Егер (жануардың суреті) көзге көрінер-көрінбес өте кішкентай немесе басы жойылған болса мәкруһ емеc»[4].
Имам әл-Марғинәни: «Суреті бар киіммен намаз оқу – мәкруһ. Өйткені бұл пұтты көтерушіге ұқсап қалады. Бұнымен намаз оқу мәкрүһ болғанымен, намазы дұрыс саналады. Себебі намаздың шарттары мен рүкіндері толық орындалып тұр»[5], – дейді.
Сондықтан суреті немесе жазуы бар киіммен намаз оқымаған дұрыс. Оқылып қойған жағдайда намазы дұрыс саналады. Ал суреті бар киімнің үстінен басқа бір түсті киім киіп намаз оқудың оқасы жоқ.
Айтуған Тойбазар,
СҚО бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Хәшияту әт-Тәхтәуи, 362.
[2] Муслим, №556.
[3] Сахих Бухари, №373.
[4] Фатху баби әл-иная бишархи китаби ән-ниқая, 1/311-312.
[5] Мәрғинани, әл-Хидая, 1/166.