Сабырлық – ол бойында көркем мінез және жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты.
Өмірде түрлі қиыншылықтарға тап болған адамға өз-өзін ұстай білуі әрине оңай іс емес, сондықтан болар сабыр етушіге берілетін сыйы мен оның алатын сауабының мөлшері көрген қиындықтарына сәйкес көбейе түседі екен.
Сабыр етушілер жайында Қасиетті құранда өте жиі айтылады, имам Ахмад (р.а.): «Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтіледі», – дейді. Сол аяттардың бірінде Алла Тағала: Бақара сүресі, 153-аят
«Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» .
Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту – біздің міндетіміз. Кезінде шариғи ілімнен нәр алған бабаларымыз қанша қиыншылық көрсе де, сорақы-зұлматтарға сабыр етіп, сол қиыншылықтан өту жолдарын іздеп, қиындықтың арты жақсылық болатынына үлкен үмітпен Жаратушы Хақ тағалаға сыйынып, бойындағы имандылықтың жемісімен сабырлықтың үлгісін көрсете білген. Жүсіп Баласағұн атамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады»,-деген екен.
Қандайда бір қасыретке тап болған адам сабыр етсе, Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады екен.
Бұл туралы Құранда: «Егер сендер сабыр етсеңдер және тақуалықты ұстансаңдар, олардың (мұнафықтардың) қастық істері сендерге ешбір зиян қылмайды» (Әл-Имран сүресі, 120 аят). Бұл сабырлық жайлы Құранда келтірілген аяттар.
Енді сабырлықтың құндылықтары жайлы ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистеріне тоқталып көрсек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сабырлық – ол нұр», – деп қысқа да нұсқа айтып, сабырлықтың құндылығын атап өткен болатын (Имам Мүслім, Әбу Мәлік Әл-Әшғариден).
Сондай-ақ, Алланың Елшісі: «Сабырлық таныту – ол Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ»,-деді.
Ешбір адам, тіпті ол Пайғамбар, елші болсын Алладан жіберілген қасырет пен сынақтардан өздерін сақтандыра алмайды. Себебі қасырет-сынақты беретін де Алла, одан сақтайтын да бір Алла! Құранда: «Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» (Тағабун сүресі, 11 аят).
Барлық сынақ Алладан деген нық сенімді, қандай да бір қайғы-қасыретке тап болған адам есінен шығармауы тиіс. Сондықтан бір Аллаға ғана жалбарынып, дұға етіп, тәуекелге бел байлауымыз қажет. Себебі, барлық істің нәтижелі болуы тек қана Ұлы Жаратушының құзырында екендігі анық. Алла Тағала баршамызға дер кезінде, жауапты сәттерде сабыр етуді, ұстамды болуды нәсіп етсін! Әмин!
Мұхаммедкәрім АРЫСТАН,
«Қ. Мұңайтпасов» мешітінің наиб имамы, Атырау қаласы.