Табиғат – Жаратушы Алланың адамзатқа берген ең үлкен нығметінің бірі һәм аманаты. Алла Тағала табиғатты біздің физикалық өмір сүруіміз үшін ғана емес, сонымен бірге психологиялық әл-ауқатымыз үшін де жаратты.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Ол – жердегі (яғни жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты. Содан соң (шексіз ілімін, қалауы мен құдіретін) көкке бағыттап, оны жеті қабат аспан етіп мінсіз жүйеге келтірді.
Ол – барлық нәрсені толықтай білуші. Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын», – дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?! Біз бір Өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкірлік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екеніңді жар салып, бір Өзіңді ұлықтаудамыз ғой!» – деді.
Сонда Алла оларға: «Расында, Мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін», – деді» («Бақара» сүресі, 29-30 аяттар).
Демек бізді қоршаған сұлулықты: ағып жатқан өзенді, жасыл алқапты, ну орманды, биік тауларды және оларды мекен еткен жан-жануарды барынша қастерлеп, ғибрат алуымыз керек. Ағаштар мен өсімдіктерсіз әлемді елестетіп көріңіз.
Оларды жердің үстінде шексіз созылған салқын жасыл желекке бір тамшы қосып, осындай шеберлікпен жаратқан Хақ Тағала. Алып емен ағаштарынан кішкентай бұталар мен шөптерге дейін біз тек тамақ, баспана және қорғаныс алып қана қоймай, көзімізді тыныштандыратын жиынтықты аламыз. Жасыл табиғаттың орнына, бәрі қоңырқай жерде өмір сүрсек қалай болар еді? Өкініштісі бүгінде адам осы құнды сыйлықтарды құртып жіберетіндей жеңіл-желпі күйде өмір сүреді.
Мұхит, теңіз, өзен, көлдерге де қараңыз. Бұл тек су ресурстары ғана емес, сонымен қатар сезімімізді баурап алатын әсем көріністер. Сарқырамалар – бізге тыныштық сезімін сыйлайтын ерекше сұлулық. Шексіз көгілдір мұхит пен тынымсыз ағып жатқан өзендердің өзіндік тартымдылығы өз алдына бір бөлек. Теңіздегі толқындарды сағаттап тамашалауға болады, бұл Алланың сұлулыққа деген сүйіспеншілігін айғақтайды.
Сол себепті табиғатқа ұқыптылықпен қарасақ нұр үстіне нұр болар еді. Біз табиғатқа немқұрайлы қарау арқылы, өзімізге берілген аманатқа қиянат жасаудамыз. Өйткені Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді әрқашан табиғатты қорғауға және оған қамқорлық жасауға шақырды, тіпті шайқас кезінде де.
Қоршаған ортаның сақталуына келген кезде біз көп ысырапқа берілеміз. Табиғат аясында демалған кезде, өзімізден кейін қоқыс қалдырамыз. Өзіміздің қажеттілігіміз үшін жаңа өсіп келе жатқан жас талды кесіп аламыз. Сосын ормандар азайып бара жатыр деп, кінәлілерді іздейміз. Көшеттер мен ағаштарды отырғызбаймыз, өсіп келе жатқан нәрсені үнемдемейміз.
Қазіргі кезде адамдар саябақтарға арнайы отырғызылған ағаштар мен бұталарды сындырудан тартынбайды. Иә, бұны жабайы аңдар емес, Алланың жер бетіне үкім етсін деп жіберген пенделері істейді. Біз Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қажетсіз жапырақтың өзін де жұлмауға тыйым салғанын ұмыттық.
Қоршаған ортаны аялау – әр адамның қасиетті борышы. Ұрпағымыз бала күнінен бастап ағашты сындырмауға, жан-жануарларды қорламауға, су айдындарын ластамауға, қоқыс тастамауға дағдылануы үшін оларды әрдайым табиғатқа ұқыпты, құрметпен қарауға тәрбиелеуіміз қажет. Әрқашан өзімізден бастап, өзгелерге үлгі болайық!
Мадияр ПІРІМҚҰЛОВ,
Алматы облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, №19, 2022 жыл