Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын! Ислам діні күллі адамзатқа түскен алғашқы һәм ақырғы дін.
Қасиетті дініміздің бүкіл әлемнің жаратушысы Аллаһ тарапынан түскендігінде күмән жоқ. Себебі оны дәлелдейтін бірнеше айғақтар мен ақиқаттар жетерлік. Ислам діні адамзат баласына арналған дін болғандықтан әрі жаратушы ие тарапынан жіберілгендіктен жалғыз жаббар иені ұлықтап, оның бұйрыған бұйрықтарын орындау арқылы разылығына жету де бар.
Сол арқылы адам баласы мәңгілік бақытқа тұрақтары анық. Асыл дінімізде мұсылман құлдарға жүктелетін бұлжымас бес парыз бар. Олар: иман келтіру, намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау, қажылыққа бару. Ендеше осы бес тіректі берік ұстанған адам жаратушының разылығына қол жеткізе алатындығында шүбә жоқ.
Әлбетте жаратушы ие өзінің құлдарына ауыр жүкті артпайды. Осы бес парыздың ішінде иман келтіру мен намаз оқудан бөлек үш парызды жағдайы көтере алатын мұсылманға міндеттейді. Ол да бір даналықтың шыңы деп түсінуіміз керек болар.
Бүгінгі біздің алып отырған тақырыбымыз осы бес парыздың біреуі зекет. Зекет-Ислам дінінің тіректерінің бірі. Зекет дүние мүлкі нисаб (пайдаланатын дүниесінен бөлек жиналған малы немесе ақшасы) мөлшеріне жететін әрбір мұсылманға парыз болып саналады. Зекет малдан, ақшадан, алтын-күмістен, тауардан, бидайдан, арпа, құрмадан,т.б беріледі.
Қасиетті Құран Кәрімде зекетті міскіндерге, кедей-кепшіктерге, зекет жинаушыларға, ислам дініне енді кірген мұсылманға,құлдарды азат етуге, қарызын өтей алмай жүрген пақырға, Аллаһ жолында соғысқа қатысушыларға, жолда азығы таусылған жолаушыға берілу керектігі айтылған.
Зекеттің маңыздылығы жөнінде мынадай бір хадис бар: Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) бір бәдәуи Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Мен оны істесем жәннатқа кіретін амалды көрсет», – деген.
Сонда Алла елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһқа құлшылық етіп, оған ешнәрсені серік қоспа, парыз намаздарды оқы, парыз зекетті бер, рамазанда ораза тұт»,- деді дегені жеткізілген.
Хадистен аңғарып отырғанымыздай зекет бұлжымас парыздардың қатарында екені анық байқалады. Намаз да, зекет те исламның тіректерінің ажырамас бөлшектері. Зекет беруден бас тартып оны мойындамаған кісі барлық парызды мойындамаған кісімен пара-апар саналып, ислам дінінің аясынан шығып кетеді. Алла бәрімізді тура жолға бастасын!
Е. ОТАШБАЕВ,
«Доссор мұсылмандар» мешітінің бас имамы