ЖАСТАР АРАСЫНДА СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Атырауда ҚМДБ жастар секторының өңірдегі өкілдерінің ұйымдастыруымен жастар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған семинар өтті. Жиынның мақсаты – жасөспірімдер мен жастарға өмірдің маңызын түсіндіру, психологиялық қиындықтардың шешу жолдарын ұсыну және қолдау көрсету мәдениетін қалыптастыру.

Семинарға жастар ұйымдарының және дін өкілдері қатысты. Жастармен кездесуде «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев арнайы шақырылып, терең мазмұнды насихат айтты.

Имам өз сөзінде өмірдің Алланың берген аманаты екенін, қандай да бір қиындыққа тап болғанда үмітсіздікке бой алдырмау керектігін атап өтті. Сондай-ақ, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің Исламда үлкен күнә екені ескертілді.

«Әр қиындықтан кейін жеңілдік бар. Алла тағала адам баласына көтере алмайтын сынақ жүктемейді. Сондықтан сабыр сақтап, жақындармен бөлісіп, көмек сұрау – ең дұрыс шешім,» – деді имам жастарға арнаған үндеуінде.

Семинар барысында қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Ғинаятұлы қатысып, өңір жастараның белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын ұстану бағытындағы жобаларымен бөлісті. Іс-шарада жастармен ашық сұхбат ұйымдастырылды.

Мұндай шаралар жастардың өмірге деген көзқарасын жақсартып, психологиялық сауаттылығын арттыруға сеп болары сөзсіз.