Жүрек Алланы еске алумен ғана тыныштық табады

Біз өткен мақаламызда адамзат қоғамын жегідей жеп, құртша тесіп бара жатқан қызғаншақтық, өсек-өтірік, ғайбат сөйлеу, жала жабу секілді рухани мерездер туралы айтқанбыз.

Кез-келген ұжымды, кез-келген жанұяны әбден меңдеген бұдан да басқа толып жатқан кеселдер бүтін қоғамды ірітіп-шірітіп, Құдай қосқан көрші болсын, қала берді қатар тұрған екі адам болсын, бәрінің еркін билеп алғандай. Расында екі адам басы қосылса, мен сенен артықпын дегісі келіп тұрады.

Оны сөзбен айтып білдірмесе де, ойында, көңілінде ондай нәрсенің қайдан келіп қалғанын да байқамайды. “Ойды қайдан алғанын адам өзі сезбейді” деп, тұп-тура Шәкәрім қажы айтып қойғандай. Я малым артық, я мансабым, қызмет дәрежем артық дегісі келіп тұрады. “Өзім жаман болғанмен ағам жақсы, Жеңім жаман болғанмен жағам жақсы” деген секілді. Тіпті дүниеқұмарлық, мал жиюдың да ар жағы мақтан.

Мал жияды мақтанып білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,

Сорпа – сумен, сүйекпен сүйдірмекке,- дейді Абай атамыз.

Енді осы дерттерден айығудың жолы бар ма? Бүтін қоғамды меңдеген өте қауіпті вирус, мерез, кеселдерден арылудың дауасы бар ма? Бір басыңда 70 бөлме үйің болса, 70 мәшинең болса, “осынша берген дәулетті көтеріп тұрар ма екенбіз” демекші, осынша дүние, осынша ен байлық адамның жүрегіне тыныштық әкеле ме, әлде керісінше адамды еркінен тыс иірімге тартып әкете бере ме?

Жан тыныштық бұл емес,

Жан дененің құлы емес.

Өзің байлап бересің,

Жан жұмысы ол емес.

Енді осының бәрінен құтылар жол қайда? Солған сананы сергітер, рухқа қуат, жігерге қайрақ болар жалын қайда бар?

10 Юнус сүресінің 57-аятында:

йәә ‘әйюһән-нәәсу қаді жәә-әткум мәу ъизәтум-мир-РАббикум

Ей, адам баласы! Сендерге Тәрбиелеуші Алладан ескерту келді, қасиетті ілім берілді!

уа шифәә-‘уль-лимәә фис-судуур

Бұл ілім – жүректегі дерттеріңе шипа

уа һудАу-уа рахматуллиль му’минийн

сенушілерге адаспас тура жол және Алланың сендерге деген рахметі осы!

Адамзатқа сыйға тартылған ең үлкен нығмет, ең үлкен бақыт – ақтық дін Ислам ілімінің қасиеті неде, пайдасы не, оның кілті неде деген бар сұрақтың жауабы осы аятта. Бұл ілім – сансыз дерттің дауасы, жүрек дертінің шипасы. Егер сіз өз жүрегіңізде сіресіп тұрған сансыз аурудан, менмендік мерезінен, кесірлік кеселінен, тағы басқа жаныңызды жегідей жеген құрттан тазаруды мақсат етсеңіз, тек сонда ғана Алланың ақ дінінен, ақтық ілімінен сізге пайда бар дейді. Осындай жан-дүниеңізді тазартып, санаңызды ағартуды мақсат етсеңіз ғана, жан сусынын қандырып, тыныштандыруды көздесеңіз ғана сіз осы ілімнен міндетті түрде шипа табасыз дейді.

Мінеки, адам баласының мың сан түрлі кесел-дертке ұрынып, әбден қабынған, асқынып кеткен адамның жан-жүрегін емдейтін ең тиімді әдіс, ең тура жол және ең оңай жол – Алла Т Құранда көрсеткен, Пайғамбарымыз сғс өзі үйреткен, күллі ғалымдар бұлжытпай орындап, адамның рухани болмысын түзету үшін пайдаланған ең тиімді әдіс – құлшылық ғибадаты.

Асқақ рухтың сағыныш сазы. Жүректі жарған жан аңсарын, жанның сағыныш сазын, Алласына ғашық жүректің мұң-зарын ақтарып салу. Ғұлама машайықтар құлшылық ғибадатының сан жетпес шапағатын, сарқылмас шарафатын көрсететін бал-шырындай аяттардың, құлаш-құлаш хадистердің мәнісін тамсана тарқатады. Аллаға ғибадат ету – екі дүниедегі ең ұлық махаббаттың, бүтін жаратылыс ішіндегі ең биік, ең таза ғашықтық «Кімде кім Мені еске алса, Мен сол кезде сонымен біргемін» дейді Алла Тағала.

Елдос ОТАШБАЕВ,

“Доссор мұсылмандар” мешітінің имамы.