Құлсары қаласындағы “Жылыой мұсылмандар» мешітінде қасиетті Мәуліт айына орай, рухани кеш өтті. Жамағатқа арнайы дастархан жайылып, Мәуліт оқылды.
Рухани кеште «Жылыой мұсылмандар» мешітінің Бас имамы Жасұлан Қуанышұлы жамағатқа “Пайғамбарымыздың өмірбаянын қаншалықты білеміз?” тақырыбында уағыз айтты.
Ардақты Пайғамбарымыздың соңғы хұтпасында айтқан насихаттарының бірі: «Кімнің мойнында аманат болса, оны аманат етіп тапсырған адамға толықтай берсін», – деп айтылуы аманат атаулының сұрауы өте үлкен екендігін білдіреді.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 58-аятында:
إِنَّ اللهَ يَأمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الأمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا
«Негізінен, Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды әмір етеді», – деп айтқан.
Мұсылман адам өте аманатшыл. Өзіне тапсырылған аманатқа еш уақыт қиянат жасамауы қажет. Аманатшыл болу – адамзатқа үлгі ретінде жіберілген барлық пайғамбарлардың бойында көрініс тапқан негізгі сипаттардың бірі. Өйткені пайғамбарлар Алла Тағаладан Жәбірейіл періште арқылы келетін уахиды аманаттап алып, сол қалпында, өзгертпестен, адамдарға жеткізуші. Алла Тағала қасиетті Құранның «Шұғара» сүресінде: Нұх, Һұд, Салих, Лут, Шуғайып пайғамбарларды атай келе, олардың әрқайсысы өзінің қауымына:
إِنِّي لَكُمْ رَسُولٌ أَمِينٌ
«Расында, мен сендер үшін сенімді бір елшімін», – деп айтқандығын хабар еткен» деп атап өтті Жылыой ауданының бас имамы Жасұлан Қуанышұлы.
Рухани кеште наиб имам Райымбек Сағындықов “Мәуліт шариф” оқыды. Одан бөлек жиылған жамағат арасында дастархан басында да өнегелі әңгімелер айтылды. Рухани азық алып, ардақты пайғамбардың тағылымын бойына сіңірген жұртшылық кеш соңында риза болып тарқасты.