Орман өртінен зардап шеккен Қостанай халқына Жылыой аудандық мешіті қаржылай көмек жіберді.
Бұған дейін Жылыой мешіті Қостанайға киім-кешек, азық-түліктей гуманитарлық көмек жолдаған болатын. Кеше мешіт жамағаты бірлесіп 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмекті Қостанай халқына көмек үшін ашылған есеп шотқа жөнелтті.
Еске сала кетелік, Қостанай облысындағы алапат өрт кезінде 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алған. Мұнымен қоса, тілсіз жау салдарынан 1935 жылы туған бір адам көз жұмды.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың мәліметінше, Әулиекөл ауданындағы орманның басым бөлігі күлге айналған.
«ҚазАқпарат» агенттігінің мәліметінше, қазіргі таңда зардап шеккендерге берілетін 91 үйдің құрылысы басталған. Ол үшін 2,3 млрд теңге қаражат бөлінді. Баспаналар Мақтааралдағы су тасқыны кезінде жүзеге асырылған жоба негізінде салынады.