Атырауда «Иман» мешітінің ұйымдастыруымен бірқатар іс-шара өтті.
Ережеп айының құрметіне жамағатқа құрмет көрсетілді. Рухани шарада Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Ережеп айының қадір-қасиеті», «Қасиетті айда жасалуы тиіс амалдар», «Оразаның пайдасы» тақырыптарында насихат айтты.
«Ережеп айының қасиеті туралы Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінен артық анық түсінік бола қоймас. Ережеп оразасы басқа нәпіл оразалардың ішіндегі ең сауабы үлкен ораза болып саналатынын естен шығармайық. Бұрындары аталарымыз басында, ортасында, соңында деп үш күннен ұстаған оразалар осы Ережеп оразасы. Үш күннен бөліп ораза ұстаудың мүмкіндігі дәл қазір, яғни, Ережеп айына келіп тұр. Осындай сауапқа толы шексіз ғибадатты қастерлеп, үш күннен бөліп ұстап, бір ай толық ұстаған сауапты амалға асығайық» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Сондай-ақ, Алтынбек Ұтысханұлы Иман мешітінде Құранға түскен 15 шәкіртке Құран кітап табыстады.
Ізгі шара одан әрі Қ.Мұңайтпасов мешітінің наиб имамы Қанат Сердекешовтың уағыз-насихатымен жалғасты.