Атырауда аналар отбасы, ұрпақ тәрбиесі тақырыбын талқылады

Атырауда «Ислам дініндегі отбасы тәрбиесі» тақырыбына арналған іс-шара өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Әйел-қыздар» секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі, орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Әжелер мектебі және «Елсана» рухани патриоттық қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ақжелкен» шығармашылық орталығында дөңгелек үстел шарасы өтті.

Шара аясында аналар отбасы құндылықтары, отбасын сақтаудағы аналардың ролі, ұрпақ тәрбиесі тақырыбында пікір алмасып, қатысушы жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

«Әйел-қыздар» секторының Атырау облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі Ардақ Сайынқызы «Ислам тарихындағы ардақты аналар» тақырыбында насихат айтты. Әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Нәсиқызы «Әйел – отбасы ұйтқысы» тақырыбындағы ойларымен бөлісті.

«Қазақта «Әйел – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген керемет сөз бар. Зере, Айғаным, Ұлжан, Ұлпан сынды аналарымыздың даналығы бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Біз тұтас ұлттың болашағы үшін қызмет еткен аналарымыздың даналығын бойымызға сіңіріп, жас буынға дәріптейтін болсақ, бұл үлкен жеңіс болмақ» дейді Әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Нәсиқызы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.