4000 қазақстандық аттанады: Атырау мешіттерінде қажылыққа байланысты дәрістер өтуде

Биыл әлем бойынша 1 миллион адам ғана қажылық парызын өтей алады.

Қасиетті қажылық сапарының жақындауына орай, Атырау мешіттерінде ұстаздар «Қажылық» тақырыбы бойынша дәріс өткізуде.

Қазақстан қажылық миссиясы тарапынан биыл 4000 қажылық орын алынып отыр. Қажыларды қасиетті сапарға тасымалдауды отандық «Air Astana» және «SCAT» әуе компаниялары және Сауд Арабиясы тарапынан «FlyNas» әуе компаниясы жүзеге асырады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Сауд Арабиясы Меккеде қажылық парызын өтегісі келетін 1 миллион адамды ғана қабылдауға рұқсат бергендігін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, қажылыққа келетін адамдарға қойылатын талап та күшейді. Қажылық сапарын 65 жастан аспаған азаматтар ғана өтей алады. Және олар коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алған болуы тиіс.

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты Сауд Арабиясы шет мемлекеттердің азаматтарына қажылыққа келуге 2 жыл бойына тыйым салған болатын.


Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.