Бүгін Атырау облысы жаңа мешітпен толықты.
Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Қызылқоға ауданының Қоныстану ауылына арнайы барып, Абай Құнанбайұлы атындағы мешіттің ашылу рәсіміне қатысты.
200 орындық мешітте Құран оқу залы, намаз залдары және қызметкерлер бөлмесі бар.
«Мешітімізге даңқты Абай Құнанбайұлының атын берудегі мақсатымыз – Қоныстану ауылынан Абайдай дара, дана ұрпақ өсіп шықсын деген ниет. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мерейлі датасы құрметіне мешіттерге халқымыздың дара тұлғаларының есімін беру үрдісі басталғанын да атап өткеніміз жөн. Және мешіт атауы арқылы жас ұрпақ тарихи тұлға туралы кеңірек білуге, тануға ұмтылады деген үміт те бар» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Жергілікті тұрғындардың және демеушілердің қолдауымен тұрғызылған мешіт жанынан заманауи тахаратхана пайдалануға берілді. Ендігі жерде имам үйін және асхана салу жоспарда.
Атап өтерлігі, мешіттің ашылу рәсіміне жергілікті жұртшылық, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Еске сала кетелік, қазіргі таңда Атырау облысы бойынша мешіттер саны 35-ке толығып отыр.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.