30 мамырда мұсылман зираттарында жаппай тазалық жасалады

30 мамыр күні ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен еліміздің барлық аумағындағы зират басына тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Мұсылман адам дүниеде қандай қадірлі болса, оның қабірін аяқасты етуге ешкімнің қақысы жоқ. Ал мұсылман зиратының маңайын тазалап отыру – жәй ғана міндет емес, ізгі амал.

«Алла Тағала Құранда «Исра» сүресінің, 70-ші аятында: «Расында Адам баласын ардақтадық» деп, адамды тірі күнінде де, дүние салғаннан соң да құрметтеуге бұйырған. Асыл дініміз дүниеден қайтқан адамды соңғы сапарына жуындырып, арулап ақ матаға орап, хош иіс сеуіп, жаназасын оқып, құрметпен Жер ана қойнауына тапсырады және одан кейін де дүниеден өткен адамның ары мен абыройын құрметтеуге үндейді. Қайтыс болған адамның есеп-қисап болатын қияметке дейінгі уақытша мекені болған қабірлерді таза ұстау – баршамыз үшін қайырлы іс саналады» дейді ұйымдастырушылар.

Аталмыш игі іс-шараға ҚМДБ-ға қарасты 19 өкілдіктің дін қызметкерлері мен ерікті жамағат қатысады.