Айбек Аташев: «Халал сертификаты адалдықты растайды»

Назарларыңызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлының сұхбатын ұсынып отырмыз.

– ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» мекемесінің құрылғанына биыл 10 жыл толады екен. Осы уақыт аралығында мекеме алға қойған мақсатына жетіп, міндетін орындай алды ма?

– Иә, 2014 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің құрылғанына – биыл 10 жыл. Осы уақыт аралығында өзімізге жүктелген мақсат-міндетті ойдағыдай орындап, нәтижелі жетістіктерге қол жеткіздік деген сенімдемін. Атап айтқанда, отандық және шетелдік 1600-ден астам кәсіпорынды сертификаттаудан өткізіп, халықаралық тәжірибеге негізделген 6 стандарт құрастырып, бекітілді.

Соңғы үш жылда шетелдік және отандық кәсіпорындардың қатысуымен халықаралық «HALAL EXPO» көрмесі өткізілуде. «QMDB Halal» таңбасымен өнім өндіруші кәсіпорындар шетелдік ірі халықаралық көрмелерге қатысып, сапа жағынан озық үлгі көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда. Сонымен қатар Малайзияның Исламды дамыту департаменті (JAKIM) ұйымынан аккредиттеуден өтіп, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) негізінде құрылған Ислам елдерінің стандарттары мен метрология институты (SMIIC), Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия секілді елдердің халал стандарттау және сертификаттау мекемелерімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум бекітілді. 10 жыл ішінде бірнеше халықаралық және мемлекеттік маңызы бар конференциялар мен форумдарға, көрмелерге қатысып, «Халал Дамудың» негізгі қызметі, бағытбағдарымен таныстырып, «QMDB Halal» таңбасын беделді брендке айналдырдық.

– Ұрпақтың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, отбасымызды адал, таза аспен қамтамасыз етуіміз қажет. Өйткені астың адалдығы ғибадатымыздың қабыл болуына тікелей себепші. Адал асты дүкен сөрелерінен таңдап аларда неге мән беруміз қажет?

– Әрине, ұрпағымыздың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, отбасымызды адал, таза аспен қамтамасыз етуіміз қажет. Арамнан ішіп-жеп, оны әдет қылған әке-шешеден дүниеге келген баланың рухани жұтаңдыққа бой алдырары анық. «Тәрбие тал бесіктен» демей ме?! Сондықтан ұрпағымыз ізгі қауымның өкілі, халықтың жанашыры, әке-шешесінің көзайымы болсын десек, бірінші кезекте асымыздың адалдығына мән беруге тиіспіз. Азық-түліктің адалын тұтынып әдеттенген, оның маңыздылығын түсінген бала өмірге ғашық, арамнан қашық болып өседі деп білемін.

Ал дүкен сөрелерінен азық-түлік таңдау мәселесіне тоқталар болсақ, ең алдымен кез келген өнімнің халал таңбасы бар-жоғына, сертификаттаудан өткенөтпегеніне назар аудару қажет. Егер, өнімде халал таңбасы бар болса, halaldamu.kz сайты немесе «Halal Guide» мобильді қосымшасы арқылы өндіруші атауы (ЖК/ЖШС) бойынша тексеріп алуға болады. Сол арқылы сертификатталған кәсіпорындар базасында бар-жоғын нақты біле аласыз.

Өйткені халал таңбасын заңсыз пайдаланушылар көп. Екінші мәселе – өнімнің құрамына қарап алу. Кез келген азық-түліктің қаптамасында жазылған құрамына қарап, оны адал, не арам деп айта алмаймыз. Көбіне «құрамы таза» болуы мүмкін деген болжам ғана. Себебі өздеріңіз білетіндей, адал не арам мәселесі кәсіби деңгейде бірнеше кезеңдік тексерістің, зертханалық сынақтың нәтижесінде ғана анықталады.

Құрамына қарап алар кезде ескеретін маңызды мәселе – фальсификация. Фальсификацияланған азық-түлік дегеніміз – шынайы мәліметті жалған, өтірікпен алмастыру, яғни өнімнің құрамына қатысты ақпаратты дұрыс көрсетпеу. Бір ғана мысал келтірейін: қызғылт түсті йогурттардың құрамына кармин қосылады. Кармин – қоңыздан алынатын, стандарт бойынша қолдануға рұқсат етілмейтін арам қоспа. Ал өндіруші өнімнің қаптамасында шынайы ақпаратты жасырып, қаптамаға рұқсат етілген басқа қоспаның атын жазып қоюы мүмкін. Бұл жағдайларды өндіріс орнында аудит жүргізу арқылы анықтауға болады. Сондықтан дүкенге барғанда мейлінше «QMDB Halal» стандарты бойынша сертификатталған өнімдерді алуға кеңес беремін.

– Жалпы сертификат беру және жаңарту тәртібі қандай? Нендей жағдайда «QMDB Halal» сертификаты кері қайтарылады?

– «QMDB Halal» сертификаты – сенім мен адалдықты растайтын құжат. Сондықтан кез келген кәсіпорынды сертификаттамас бұрын, алдымен мекеменің қызметіне қараймыз. Мысалы, сертификаттауға сәйкес келмейтін немесе сертификат алмаса да адал екені айдан анық өндіріс түрлері болады. Ондай кәсіпорындар сертификат алуға өтініш білдірсе, көп жағдайда бас тартамыз. Келесі кезең – сәйкес құжаттарды жинастыру. Біз мемлекеттік заң аясында қызмет ететін стандарттау және сертификаттау мекемесі болғандықтан, кез келген кәсіпорыннан мемлекет тарапынан бекітілген тиісті құжаттар топтамасын талап етеміз. Құжаттар толықтай жинақталғаннан кейін технолог және инспектор-қадағалаушы мамандардың қатысуымен сертификатталушы кәсіпорында алғашқы аудит жүргізіледі.

Жауапты мамандардың ұсынысы мен сұранысына сәйкес, қажет болса қосымша құжаттар сұратылады. Күмәнді өнімдер, тағамдық қоспалар зертханалық сынамаға жөнелтіледі. Кәсіпорынның өндіріс ауқымы мен өнім түрлеріне байланысты сертификаттау процесі бір аптадан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Өндіріс барысына, өнімге қатысты діни мәселелер туындаса, діни басқарманың пәтуа бөлімінің мамандарына жүгінеміз. Кей жағдайда мүфтият жанындағы Ғұламалар кеңесінің қаралымына ұсынылады. Міне, осындай шаралар толықтай орындалғаннан кейін ғана сертификат табысталады. Кез келген сертификаттаудан өткен кәсіпорында ай сайын айлық аудит жүргізіледі. Бұл екіжақты келісімшартта көрсетілген.

Сол себепті еліміздің әр өңірінде жауапты жергілікті бақылаушылар бекітілген. Оған қоса орталықтағы мамандар да іс-сапармен бір жылдың ішінде әр кәсіпорынды бірнеше мәрте тексеріп шығады. Сонымен қатар кәсіпорында түрлі өзгерістер орын алған жағдайда: өндіріске жаңа өнім түрлері, шикізат, тағамдық қоспалар қосылғанда немесе халал стандарт талаптарын бұзу жағдайлары анықталса, тұтынушылардан шағым түссе, төтенше, жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Аудит барысында бекітілген халал стандарты талаптарын бұзу жағдайлары анықталса, бірнеше ескертуден кейін де түзету талаптары орындалмаса, екіжақты келісімшарт күшін жойып, «QMDB Halal» сертификаты қайтарылып алынады. Бұл жөнінде әлеуметтік желілер мен сайт арқылы тұтынушыларға хабарланады.

– Қандай ұйымдар сертификат алуға мүдделі. Яғни сертификат алуға көбіне дін ұстананатын адамдар, мекеме басшылары мүдделі ме?

– Қазіргі таңда кәсіпкерлердің басым көпшілігі «QMDB Halal» сертификатын бизнес үшін алады. Себебі адал өнім мен кәсіпорынға сұраныс жоғары. Қазіргі таңда тұтынушылар дәмхана болсын, түрлі өндіріс орындары болсын, халал сертификатын талап етеді. Себебі жоғарыда айтқанымдай, халал – сенім куәлігі. Адамнан айла артылған ба, тұтынушыларды алдайтын, өлексенің етін сауда орындарына өткізетін, доңызды адал деп сататын айлакер өндірушілерден шаршаған халық әрбір өнімнен «QMDB Halal» таңбасын іздейді. Сондықтан кәсіпкерлер халал сертификатын алуға мүдделі. Кім қандай ниетпен халал сертификатын алса да, біздің мақсатымыз біреу – ол халыққа шынайы адал, таза өнім ұсыну. Сондықтан халал стандарты бойынша сертификатталған кәсіпорындарды жіті бақылауымызда ұстап, тексеріп тұрамыз.

– «Халал даму» мекемесінің болуымен Астанада, Алматы мен Шымкент қаларында бірнеше рет халал өнімдердің халықаралық көрмесі өтті. «Халал даму» мекемесінен халал сертификатын алған кәсіпорындар әлемдік нарыққа шыға алма ма? Осы орайда шетелдік әріптестеріңізбен іскерлік байланыстарыңыз жөнінде біле отырсақ.

– Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықаралық «Halal EXPO» көрмесі өткізілді. Халал көрмесі елімізде халал өндірісінің ілгері дамуына жаңа леп беріп, отандық және шетелдік кәсіпорындардың өзара әріптестік орнатып, байланысты нығайтуға, қолжетімді бағада адал өнімдерімен сауда жасауға мүмкіндік берді. Халықтың көңілінен шыққан «Halal EXPO» көрмесін биыл Жамбыл облысында өткізу жоспарымызда бар. Бас мүфтидің тапсырмасымен Малайзия еліне іс-сапармен барып, «Малайзия исламдық даму департаментінің (JAKIM) халықаралық халалды тексеру комитеті» басшылығымен кездесіп, «Халал Дамуды» аккредиттеуші ұйым ретінде танитын арнайы растаушы құжатын алдық. Халықаралық құжатта «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы бекіткен 6 стандарттың барлығы халықаралық талапқа сәйкес екені және 2025 жылғы наурыз айына дейін жарамдылығы көрсетілген. Аталған құжатты әлемнің 43 мемлекеті де өзара таниды. Осы құжат арқылы «QMDB HALAL» сертификатымен өндірілген өнімдер шет елдерге еш кедергісіз, еркін экспорттау құқығына ие болды.

JAKIM ұйымынан аккредиттеуден өткен себебіміз жергілікті кәсіпкерлердің сұранысын қанағаттандыру және отандық халал индустриясының мүмкіндіктерін пайдалана отырып әлемдік нарыққа жол ашу болатын. Бұл дегеніміз – «Халал Дамудан» сертификаттаудан өткен кез келген отандық кәсіпорын өз өнімін «QMDB Halal» таңбасымен АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Франция, Италия, Жапония т.б әлемнің алпауыт елдеріне еш кедергісіз, еркін экспорттау құқығына ие болатынын білдіреді. Қазіргі таңда бірнеше отандық қасапхана өз өнімін шетелге экспорттауда. Өткен жылы 10 мың тоннадан астам ет экспортталды. Мұны халықаралық сертификаттың бір мүмкіндігі деуге болады.

– Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шүбәсіз адал да белгілі, арам да белгілі. Бірақ осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар. Көп адамдар оларды білмейді», – деген болатын. Бүгінде түрлі тағамдық қоспалар мен желатиндердің көптігі сондай, қарапайым халық қайсысы адал, қайсысы арам екенін ажырата алмай қалды. Оларды қалай ажырата аламыз?

– Кезіндегі салих адамдар, сахабалар арамнан да, шүбәлі нәрселерден де қатты сақтанған. Біз де ізгі жақсылардың жолын ұстанып, күмәнді нәрселерден барынша сақтануға тиіспіз. Әсіресе бүгінгідей өндірістік технологияның дамыған кезінде тағамдарға неше түрлі қоспалар қосылып, табиғи дәмі мен түрін түбегейлі өзгертіп, қалай жасалғаны күмән тудыратын заманда аса ұқыптылық танытқан абзал. Сондықтан да халал стандарттау саласы азық-түлікке қосылатын түрлі қоспаларға, олардың алыну жолы мен өзгеріске ұшырауына, химиялық, физикалық күйінің өзгеруіне ерекше назар аударады. Сертификаттау барысында күмән туғызатын желатин мен тағамдық қоспаларға міндетті түрде зертханалық зерттеу жүргізіледі. Себебі мұндай нәрселердің құрамын жәй көзбен көріп, қолмен ұстап анықтау мүмкін емес.

Қазіргі таңда кондитерлік өндіріс, шұжық цехы, басқа да өндіріс барысында желатин қолданады. Елімізде желатин өндірілмегендіктен, барлығы
шетелден тасымалданады. Мұндай жағдайда оның доңыздан немесе рұқсат етілген адал жануардан алынғанын анықтау үшін міндетті түрде «Доңыз ДНК»-сына сараптама жүргізіледі. Ал егер рұқсат етілген адал жануардан алынған болса, өндірушіден халал сертификатын талап етеміз.

– Адал өнімдерді тексерістен өткізу үшін арнайы зертханалар қажет екені белгілі. Зертханалық сараптамалар қайда жасалады?

– «Халал Даму» жеке шаруашылық серіктестігі ретінде тіркелген. Сол себепті ең алдымен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және «Жеке кәсiпкерлiк туралы» заңнамалар аясында қызмет етеміз. Мемлекеттік ресми зертханалармен келісімшарт негізінде жұмыс істейміз. Атап айтқанда, 17 облыстық, 3 мегаполисте және 178 қалалық және аудандық зертханасы бар Республикалық ұлттық экспертиза орталығы (НЦЭ) мен «Халал Даму» арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум бекітілген. 

– «Халал даму» мекемесі болашақта қандай ісшараларды атқаруды жоспарлап отыр?

– Болашаққа жоспар көп. Ұлттық аккредиттеу орталығынан аккредиттеуден өту шаралары күн тәртібінде тұр. «Тірі болсам, халқыма қызмет етпей қоймаймын» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, біздің болашаққа құрған барлық жоба-жоспарымыз – қоғамға пайдалы болу, алты Алашқа аянбай қызмет қылу. Қолдайтын халқымыз болса, Алла жолында атқарып жатқан ісіміз жемісті де жеңісті нәтижелер береді деп сенемін!

Сұхбаттасқан Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №7, 2024 жыл