Атырау облысы бойынша барлық мешіттерде балаларға арналған дәстүрлі «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. Жазғы демалыс уақытын тиімді пайдаланып, рухани білім алуға ниеттенген бүлдіршіндер алғашқы сабақтарына қатысты.
Курс барысында шәкірттерге Құран әліппесі, ислам әдебі, имандылық қағидалары, ұлттық және рухани құндылықтар дәріптеледі. Сонымен қатар балалардың бос уақытын пайдалы өткізуге бағытталған түрлі танымдық және тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады.
Осыған орай өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жазғы курсқа қатысушы бүлдіршіндерге сәттілік тілеп, ізгі лебізін білдірді.
– «Балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізіп, діни сауатын арттыруы – маңызды іс. Білім мен тәрбиені қатар меңгерген ұрпақ елдің ертеңі болмақ. Барша шәкірттерге пайдалы білім, ата-аналарына береке тілеймін», – деді бас имам.
Биыл облыс бойынша жазғы курсқа 565 ер бала мен 280 қыз бала қатысып, жалпы саны 845 шәкірт білім алуда.
Сондай-ақ шәкірттердің рухани танымын арттыру мақсатында Муфтият баспасынан жарық көрген «Имандылық әліппесі» І бөлім және ІІ бөлім оқу құралдары негізінде 1270 дана кітапша мен сыйлықтар таратылды.
Аталған курс жас буынның діни сауатын қалыптастырып қана қоймай, олардың адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп, ұлттық тәрбиемен сусындауына мүмкіндік береді. Жазғы сауат ашу курсы өңірдегі мешіттерде белгіленген кесте бойынша жалғасады.




































