БАС ИМАМ ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Атырау қаласындағы №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арнайы барды.

Мереке қарсаңында бас имам мекеме басшысы Анар Жеңісқызымен кездесіп, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар стационарлық бөлімде ем қабылдап жатқан 25 бүлдіршінге ҚМДБ жанындағы «Уақып» қорының атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Одан әрі мерекелік іс-шараға қатысқан Болатбек Ұласқанұлы балаларды мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

«Балалар – қоғамымыздың ең асыл қазынасы. Олардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық – баршамыз үшін үлкен бақыт. Әрбір бала мейірім мен қамқорлыққа лайық. Бүгінгі мереке барша бүлдіршінге қуаныш сыйлап, болашақтарына сенім ұялатсын. Алла тағала әр баланың ғұмырын берекелі, өмірін бақытты етсін», – деді бас имам.

Қазіргі таңда аталған мекемеде түрлі әлеуметтік және медициналық қолдауды қажет ететін, оның ішінде Даун синдромы және басқа да ерекше қажеттілігі бар 120 бала тәрбиеленуде.

Шара соңында балалар мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мекеме ұжымы ҚМДБ Атырау облысы өкілдігі мен «Уақып» қорына көрсеткен қолдауы мен қамқорлығы үшін алғысын білдірді.