АТЫРАУДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» ЖЫЛЫ АЯСЫНДА ӘЖЕЛЕРМЕН РУХАНИ БАСҚОСУ ӨТТІ

«Ислам және адал қоғам» жылы аясында Атырау қаласындағы Ихсан мешітінде әжелер мектебі өкілдерімен рухани басқосу ұйымдастырылды.

Игі жиынға ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Алматы қаласы әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлмира Ілесбай және Шымкент қаласы бойынша әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы арнайы қатысты.

Шара барысында Ихсан мешітінің имамы Қанат Мұратұлы насихат айтып, қоғамдағы имандылық, үлкенге құрмет пен ұрпақ тәрбиесінің маңызына тоқталды.

Жиында құрметті қонақтар да тағылымды насихаттарын жеткізді. Динара Құтқожақызы әжелердің отбасы тәрбиесіндегі орны мен ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі жауапкершілігі туралы сөз қозғады. Гүлмира Ілесбай отбасы бірлігі мен әйел адамның рухани дамуы жайында ой бөліссе, Балжан Асылханқызы Құран ілімінің маңызы мен дін және дәстүр сабақтастығы туралы әсерлі насихат айтты.

Сонымен қатар, Атырау облысы әйел-қыздар секторының жетекшісі Назгүл Медерқызының жетекшілігімен Құран әліппесін толық меңгеріп, Құранға түскен әжелерге арнайы тәж кигізіліп, қасиетті Құран Кәрім сыйға тартылды. Бұл сәт көпшілікке ерекше әсер сыйлап, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Рухани басқосу барысында әжелер өзара тәжірибе алмасып, қоғамдағы отбасы институтын нығайту, жастар тәрбиесі және ұлттық-рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды талқылады. Жиын соңында ақ жаулықты аналар елдің амандығы мен бірлігі үшін ақ баталарын берді.