Атырауда «Абайдың гуманистік ойларының бүгінгі қоғамдағы құндылығы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференция барысында зерттеуші-ғалымдар Абай тағылымының өмірлік философиясы, мәні-маңызы туралы зерттеулерімен бөлісіп, ғылыми баяндамаларын ортаға салды.
Конференция барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Абай және дін» тақырыбында баяндама жасап, Абай әлемінің ислам әлеміндегі маңызына тоқталды.
«Абай және дін». Бұл өзі ешқашан мәнін жоймайтын тақырып. Себебі біз дін туралы айтқанда да, оған Абай призмасы арқылы қарай алсақ, қателеспейміз. Себебі Абай дінге қатысты да салиқалы, салмақты, өлшемді, мазмұнды, сындарлы ойлар айта білді.
Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, Абайдың діні – «ақылдың, сыншыл ойдың діні», «адамгершіліктің діні». Осы сөздің өзінде анығында үлкен мән жатыр. Абайдың діни көзқарастарының қалыптасуында медреседе оқыған жылдары айтарлықтай әсер еткен. Семейдегі Ахмет Риза медресесі болашақ ойшылдың мұсылмандық танымының іргетасын қалап берді. Әке тәрбиесі өз алдына, кейіннен жеке ізденістерімен ол рухани, діни көзқарастарын жетілдіре түскені белгілі» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Конференция барысында дінтанушы, тарихшы Ернар Абзалов, Гумилев атындағы Еуразия университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Айгүл Тұрсынбаева және философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан баяндама жасады.