Атырауда орталық мешітте мұқтаждарға киім-кешек таратылды

Атырауда орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Қайырымдылық мекемесінің ұйымдастыруымен кезекті ізгілік шарасы өтті.

Шара барысында әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылар, мүгедек жандар және жетім-жесірлерге киім-кешек таратылды. Қайырымдылық шарасы шамамен 70-тен астам отбасын қамтыды.

«Ата-бабамыз қай уақытта өмір сүрсе де өздерінің тұрмыс-тіршілігін ислам дінінің негіздерімен ұштастыра білген. «Кең болсаң кем болмайсың» деген қағиданы ұстанған дана халқымыз маңайындағы мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қол ұшын созып көмек көрсетуді өсиет еткен. Біздердің жасаған қандайда бір жақсы істердің қайырсыз кетпейтіндігі жайында Қасиетті Құранда: «Алланың жолында не жұмсасаңдарда,Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» деп баяндалады. Қайырымдылық жұмыстары – мүфтият бекіткен негізгі жұмыс бағыттарының бірі болуының мәні осында» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.