Жуырда Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІІІ республикалық байқауы өткен болатын.
Атаулы додаға 80 қари қатысып бақ сынады. Құранды толық жаттаған атыраулық қари Әбілхайыр Ералұлы бас жүлдені иеленіп, темір тұлпарды қанжығасына байлады.
Халықтың ықыласына бөленген қариға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жамағат алдында арнайы шапан жауып құрмет көрсетті.
«Аллаға шүкір, өңірімізде қарилар шығып жатыр. Әбілхайыр Атырау өңірінің мақтанышы тұңғыш жеңімпаз қари» деп атап өтті Бас имам.
Сондай ақ, Бас имам Құранның құндылықтарын бойына сіңірген Әбілхайырдың әкесі Индер ауданының бас имамы Ералы Қамзағалиевке ыстық ықыласын білдірді.
Еске сала кетсек, республикалық құран жарысында мәнерлеп оқу аталымы бойынша Иманғали орталық мешітінің азаншысы Саламат Насихатұлы да жүлделі бірінші орынды иеленген болатын.