Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Исатай ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті ақсақалдармен кездесті.
«Ас беру мәдениеті» тақырыбында өткен кездесуде Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған жаназа және жерлеу рәсімдерін бір ретке келтіру, ысырапшылдықтан арылу мәселелерін алға тартты.
«Жақында ғана Атырау қаласы имамдары мен ардагерлері және зиялы қауым мұсылман халқының дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген жаңа пәтуасын ел арасында жүзеге асыруды қолдап, үндеу қабылдаған болатынбыз.
Біріншіден, Садақа (құдайы ас) дастарханы барынша қарапайым болуы тиіс.
Атырау облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырамыз. Алла Тағала Қасиетті Құранда:
«Жеңдер, ішіңдер алайда ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» – деген (Ағраф 31)
Екіншіден, жаназадан бір күн бұрын қонақасы берілетін болса, яғни күзетке көңіл айту үшін келген жекжат-жұрағатқа қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада емес, мүмкіншілігіне қарай үйде қарапайым өткізуді ұсынамыз. Сондай-ақ таң атқанға дейін отыру міндетті еместігін хабарлаймыз.
Үшіншіден, садақа асын сөз жарысқа айналдырмау. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айту. Оған имаммен қоса екі адамның көңіл білдіруі жеткілікті.
Төртіншіден, жамағатты жаназа намазына қатысуға, сап тысында қалмауға шақырамыз. Дәрет алып (бой дәрет яғни ғұсыл), жаназа намазына қатысу – марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлықтың көрінісі болып табылады.
Бесіншіден, жаназа намазы алдында митинг жасауды доғару. Өйткені ол шариғатта көрсетілмеген. Мәйітті себепсіз күттіру дұрыс емес. Алайда бір адам мәйіттің садақаларын, әрі өмір дерегін қысқаша хабарласа жеткілікті. Жаназада жыртыс беру шариғат бойынша міндетті емес.
Алтыншыдан, мәйітті күттірмес үшін жаназа намазынан соң Құран оқымай бірден жерлеуге алып кеткен жөн. Құранды мәйіттің жамбасы жерге тигеннен соң оқыған абзал» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.