АТЫРАУДА 110 ОТБАСЫҒА КИІМ-КЕШЕКПЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Атырау қаласында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 110 отбасыға киім-кешек түрінде көмек көрсетілді.

Игі шара Зекет және қайырымдылық қорының өңірдегі үйлестіруші тобы мен DeFacto киім дүкенінің қолдауымен өтті.

Шара барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз сөйлеп, қайырымдылықтың қоғамдағы маңызына тоқталды. Ол игі іске атсалысқан азаматтар мен демеушілерге алғысын білдіріп, мұндай бастамалардың өзара жанашырлық пен бірлікті нығайтатынын атап өтті.

Қайырымдылық көмегі Қазақстанның Саңыраулар қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне де табысталды. Өз кезегінде бірлестік өкілдері көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Қайырымдылыққа бағытталған мұндай игі бастамалар әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға демеу болып, қоғамдағы мейірімділік пен өзара көмек құндылықтарын дәріптей түседі.