Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Жылыой ауданына барып, жергілікті жамағатпен кездесті.
Кездесу барысында Бас имам жамағатты ауызбірлікте болуға, еңбек етуге үндейтін насихаттар айтты.
«Жалқаулықтың бірден-бір себебі – мақсатсыздық. Адам баласы бұл өмірге шын мәнінде не үшін келгенін білмесе, алдына қойған таудай талабы, мақсаты болмаса, ол адамда әлбетте ынта болмасы белгілі. Адамға ынта сыйлайтын, уәж беретін ол – бір істі тәмәмдаған соң, мақсатына жеткеннен кейін алатын сый-сияпаты. «Адам мақсатына жету жолында жалқаулықты жеңу үшін ол мақсатқа жете алмағандағы бір қорқынышы және сол мақсатқа жеткендегі иеленетін бір қуанышы болуы шарт» дейді ғалымдар.
Жалқаулықпен күресте жәрдемші болатын екінші құралыңыз – ол мақсатыңыз. Адам өмірі қысқа, қамшының сабындай ғана екенін біліңіз. Уақыттың сұрауы бар екенің ескеріңіз» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.