Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Жылыой ауданына жұмыс сапары аясында жергілікті билік, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Жылыой ауданының әкімі Халел Жамаловпен кездескен Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы зиялы қауым өкілдері үшін жиын өткізді.
Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Зират және зиярат», «Ас беру мәдениеті» құжаттары және жаназа, жерлеу рәсімдерін біріздендіру жайы талқыланды.
«Дін ортақ құндылық. Ислам дінінің түпкі мақсаты – жарастыру. Алайда, қоғамды іштен ірітуге бағытталған жат ағымдармен күресте дін қызметкерлеріне зиялы қауымның, ақсақалдардың қолдауы аса қажет. Осы ретте, мешіттерімізде Ақсақалдар алқасы, Әжелер мектебін құрып, кешенді жұмыс жүргізу бағытында арнайы шаралар атқарылып келеді. Ел бірлігінің, ынтымағының тілекшісі болып отырған ақсақалдарымыздан әр кез қолдау күтеміз» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов діни кадр даярлау, дін мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесінде жергілікті әкімдіктің әркез әріптестік байланысқа дайын екендігін атап өтті.
Сондай ақ, жиында жаназа және жерлеу рәсімдерін біріздендіру мәселесінің өзектілігі аталып өтті. Қатысушылардың пікірінше, азаматтар арасында жерлеу, садақа рәсімдерін өткізуде қажетсіз бәсекелестік әлі де болса сақталып келеді.
«Қарапайымдылық жетіспей жатыр. Мүфтият, жергілікті мешіт өкілдіктері бекітіп берген ас мәзірін дәріптеу, бейіттерді қарапайым етіп тұрғызу бағытында әлде де болса насихат керек. Жұртшылық жиналған жерде ақсақал ретінде біз де бұл мәселелерді көтеріп жүрміз» деді зиялы қауым өкілдері.
Еске сала кетелік, Жылыой ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға Атырау облысы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұржан Ермұханов, Атырау облысы ішкі саясат басқармасы, Қоғамдық келісім мекемесінің бөлім басшысы Гүлнафис Жармұқанбетова, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, Жылыой ауданы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаров және ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, дін саласы мамандары қатысты.
Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.