Жылыой аудандық мешітінде асхана, конференц зал, таһаратхана ашылды (+ ФОТО)

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Жылыой ауданына жұмыс сапары аясында Жылыой орталық мешітінде бірқатар жаңа нысандарды пайдалануға беру рәсіміне қатысты.

Бүгін Жылыой орталық мешітінде заманауи мәжіліс залы пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 25 орындық конференц залда түрлі жиындарды, дәрістерді өткізуге барлық жағдай жасалған.

Мәселен, мәжіліс залында республика, облыс, аудан шеңберінде тікелей бейнебайланысқа шығуға, видео түсірілімдер жасауға барлық техникалық мүмкіндіктер қарастырылған.

Сондай ақ, мешітте екі бірдей оқу сыныбы ашылды. Бірі мешіт ішінде, екіншісі құлшылық үйінің сыртында дербес орналасқан сыныптардың жалпы сыйымдылығы 22 орынға шақталған.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы асхана нысанын салтанатты жағдайда ашты. Мешіт ғимаратынан дербес орналасқан асхана 70 орындық. Заман талаптарына толықтай жауап беретін ғимаратта барлық қажетті мүмкіндіктер жасалған.

«Мешіт жанынан пайдалануға беріліп жатқан қай нысанның да маңызы зор. Мұндай нысандар мешіттің толыққанды қызмет етуіне, өз әлеуетін, мүмкіндігін максималды түрде пайдалануына мүмкіндік береді. Мешіттеріміз заман талабына сай қызмет етуі тиіс» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Жылыой аудандық орталық мешіті жанынан пайдалануға берілген нысанның бірі – таһаратхана. 20 орындық таһаратхана қызметтік және жамағатқа арналған блоктардан тұрады.

Еске сала кетелік, Жылыой аудандық орталық мешіті 1997 жылы пайдалануға берілген. Жалпы сыйымдылығы 2000 адамдық мешітте соңғы жылдары білікті ұстаз, дін саласының тәжірибелі маманы Жасұлан Қағазғалиев бас имамдық қызметін атқарып келеді.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.